Мәдениет

Толағай ұл шырқаған «Толағай»

Толағай ұл шырқаған «Толағай»

 width=Илья Жақанов,композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Илья әндерінің иірімі. Сона-а-ау халық әндерінен бастау алып, кешегі Кеңес дәуіріндегі қазақ композитор­ларының классикасынан нәрленіп, бауырлас қырғыз әуенімен үндесіп жатады. «Еділ мен Жайығын» жезтаңдай бұлбұлымыз Роза Бағланова «әннің төресі ғой» депті. Асанәлі «қазақтың гимні» деп бағалады. «Жайлаукөл кештеріне» вальс королі Шәмшінің қалай сүйсінгенін талай естідік. Сол Жақанов лирикаларын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та құмарлана тыңдайды. Тіпті айтады, шырқайды... «Теміртау түні» мен «Толағайды» Ілекеңнен Президент жүрген жерінде орындап беруін өтінетін көрінеді. Илья Жақанов Жайықтың жағасынан туған жеріне жолдаған хаттарының бірінде мемлекет басшысымен кездесулерінің бір парасын ақтарыпты. Қос алыбымыздың жарқын сәттері суреттелген жазбаны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Жайлаукөлге» жылы лебізін білдірген

Елбасымен бірнеше рет жүздестім. Кітабыма соның сегіз-тоғызы кірді. Сол жүздесулердің бірі – Ақан серінің жүз елу жылдық тойында. Алматыдағы опера театрында өтіп жатқан болатын. Салтанатты жиын басталар алдында... Біз сахнаның төрінде тұрғанбыз. Келді. Жұрттың бәрімен амандасып, маған тақағанда: «Ілеке, Жайлаукөлге барып тұрасыз ба? – деді. – Біз сіздің «Жайлаукөл кештері» әніңізбен өстік. Бұл – біздің заманымыздың, біздің жастық шағымыздың әні. Біздің тамаша күндеріміз осы әндерді айтумен өтті. Негізі, мен сіздің лирикалық әндеріңіздің бәрін жақсы көремін. Соның ішінде «Жайлаукөл кештеріңіз» ерекше. Сұрап тұрғаным – сол. «Алматы кешінде» деген әніңіз бар, сол ән Шәмшінің «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым» әндері шалқып жатқанда, іле-шала шығып, солай кең тараған ән ғой». Міне, осындай жылы-жылы лебіздерін білдірген.

«Теміртау түні» осылай туған

...2001 жыл болу керек. Жаңаарқаға келдім. Күзде. Сонда жүрген теміртаулық азаматтар Теміртауға алып барды. Онда бір күн, бір түн болдым. Сол өңірде 1959-60 жылдары жастардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше жарқырап, жайсаң, өрелі азамат болып көрінген шағы еді. Біз әр ұлттың өкілі болып, Теміртау түбінде Самархан көлін жағалап демалатынбыз. Әр халықтың әндері шырқалады. Сол әндердің бірінде «Подмосковные вечера» әні айтылады. Сөйтіп, сол әнмен тарайтынбыз. «Подмосковные вечераны» «Темиртауские вечера» деп шырқайтын едік. Сол думанды кештердің бәрінде Елбасы ерекше, бәріміздің жетекшіміз сияқты көрінетін еді. Міне, сол әсерден әлгі сапарымда «Теміртау түні» деген ән туды.

«Толағай» – Елбасының туындысы

2005 жыл. Сайлау алдындағы Атыраудағы кездесу. Ол кезде Арқада демалып жүргем. Арнайы шақырып алды атыраулықтар. Зиялы қауым, жастар алдында Президент өзінің бағдарламасын айтты. Ойларын, еліміздің даму перспективасын жеткізді. Көп жаңалықтар болатынын әңгімеледі. Сөйтіп елдің көңілін көтеріп отырғанда, маған бұрылып: «Ілеке, енді ән салсаңыз қайтеді?» – деді. «Теміртау түні» деген ән сіздің жастық шағыңыз өткен Теміртауда туған еді. Соны айтып көрейін. Өйткені осы әнге байланысты шын риза көңілмен жазған хатыңыз бар еді. Ол хатыңызды мұнда отырғандар, атыраулықтар, біле бермейді. Сол хатты қасымдағы жігіт оқып берсін», – дедім. Бір журналист жігіт хатты оқып берді. Елбасы керемет қуанды. Шаттанып: «Міне, енді «Толағайды», «Толағайды»... Менің сүйікті әнім «Толағайды» айтыңыз!» – деді. Сосын «Толағайды» өзі бастап айтқан кезде, мен қосылдым... Мен айттым: «Өзіңіздің алпыс жылдық тойыңызда сіз туралы түсірілген фильмде осы әнді домбырамен айтып отырдыңыз ғой отбасыңызда. Сондықтан, «Толағай» – сіздің әніңіз», – деп күлдім. Менің «Еділ мен Жайығыма» «керемет ән» деп баға беріп, «Осы әнді неге айтпайсыңдар?» дейтін әр жерде жүргенінде. Қайда барса да, Оралда, Ақтауда болсын, «Толағайды» сұрайды, «Теміртауды» сұрайды, «Жайлаукөлді» сұрайды.