Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысын уақытша тоқтатты
Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысын уақытша тоқтатты
Шымкенттің мұнай өңдеу зауыты бүгіннен бастап жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарын бастауына байланысты уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл туралы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС баспасөз қызметі жария етті.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғыларына жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесі Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен келісілген.
Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын орындауға, жабдықтардың сенімді жұмыс істеуін және де кәсіпорынның сапалы әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Зауыттың жаңғырту және реконструкциялау жобасын іске асыру аясында жаңадан RFCC каталитикалық крекинг кешені нысандарын өндіріс орнының нысандарына біріктіріп қосу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ал, күрделі жөндеуге тоқтатудың алдында барлық резервуар парктері тауарлы өнімнің қажетті көлемімен толтырылған.
Еске салайық, мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының бірінші кезеңі 2017 жылы аяқталды, ал жаңғырту жобасының 2-кезеңін 2018 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Дереккөз: inform.kz