Өңір халқының өсімі қуантады
Өңір халқының өсімі қуантады
Демография – егеменді еліміздің өсіп-өнуін бір ортаға және күнделікті өмірдің өзгерістерімен байланыстыратын ғылыми сала болып табылады. Демографиялық үрдістер адамзат тіршілігінің ең нәзік саласы болғандықтан, оны бір жағынан экономикалық, әлеуметтік рухани немесе саяси жүйелердің заңдылықтары тұрғысынан қарастыру да жөн секілді.
Елбасы Н. Назарбаевтың «2020 жылға қарай Қазақстан халқының саны 18 миллионға жуықтайды» – деген сөзі халыққа қуанышты хабар болды. Тәуелсіз еліміздің халқы соңғы жылдары қарқынды өсуде немесе өткен 2013 жылдың басында 16 миллион 909,8 мың болса, 2014 жылдың басында 17 миллион 160,8 мың адамды құрады. Яғни, 2013 жылмен салыстырғанда 251 мың адамға (1,5 пайызға) артып отыр. Халықтың өсу үрдісі біздің облыста да айқын байқалады. Халық саны бойынша Жамбыл облысы Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан кейінгі 6-шы орында тұр. Ағымдағы есеп бойынша 2013 жылдың 1 қаңтарында облыстағы халық саны 1 миллион 69 мың 874 адамға жетті, бұл – республика халқының 6,3 пайызын құрайды. Былтырғы жылдың жыл басындағы кезеңнен 14,6 мың адамға артық. Қалалық жерлерде 436,5 мың адам (жалпы халық санының 40,2 пайыз), ауылдық жерлерде 648 мың адам (59,8 пайыз) тұрады. Халықтың жекелеген жас топтары құрылымында өсім байқалады: 2013-2014 жылдар аралығында облыста еңбекке қабілетті жасқа дейінгі жастардың үлесі 3,4 пайызға артып, 341,1 мың адамды, еңбекке жарамды (халықаралық стандарт бойынша 16-62(57) жасты құрайтындар) жастағылардың үлесі өткен жылдың көрсеткішінен өзгермеген (636,6 мың адам) және еңбекке қабілетті жастан (65 (58) және одан үлкен) асқандардың үлесі 3,4 пайызға артып, 92,1 мың адамды құрап отыр. Облыс аумағындағы өңірлердің халқының саны жағынан Тараз қаласы халқының саны ең көп, 351,3 мың адамды құрайды. Тұрғындар санының көптігі бойынша Тараз қаласынан кейінгі орыны 134,7 мың тұрғыны бар Қордай ауданы иеленді. Облыстағы демографиялық жағдай халықтың табиғи өсімімен тікелей байланысты. Демографиялық жағдайды өзгертуге ықпал ететін бірден-бір фактор – некеге тұрып, отбасын құру. Адам баласының отбасын құрып, ұрпақ жалғауы – қоғамға айтарлықтай үлкен белсенділігін тигізетіні анық. Осы факторға қарсы уәж айтушылар соңғы жылдары басымырақ болып бара жатқанын жасыруға болмас. Оған басты себеп – тұрмыстық қиындықтар. Рас, мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарға баспана беріліп жатыр. Бірақ, ол бәріне бірдей емес. 2013 жылы халықтың табиғи өсімі – 21039, ал 2012 жылы туылғандардың саны 28464 адам болды. Бала туылудың жалпы коэффициенті облысымыздың әрбір 1000 тұрғынына шаққанда 26,80-нен айналады. Бала туылудың жоғары қарқыны Қордай (33,52), Меркі (27,56), Байзақ (27,20), Жамбыл (27,14) аудандарында және Тараз қаласында (25,75), төменгі көрсеткіштің қатарында орталықтан шалғай жатқан Талас және Мойынқұм аудандары бар. Бала туылу санының артуына неке-отбасылық қарым-қатынастар да әсерін тигізеді. Некеге тұрушылар саны артқан сайын туылған бала саны да артады. 2013 жылы құрылған неке саны 10368 болды, бұл өткен 2012 жылмен салыстырғанда 65-ке артық. Ажырасулар саны – 2465, бұл – 2012 жылмен салыстырғанда 255-ке кем. Тіркелген ажырасулар санының некеге ара қатынасы 1:4,2. Яғни, әрбір төртінші некенің ғұмыры баянсыз деген сөз. 2012 жылы көрсеткіш те одан алшақ емес – 1:4,7. Қалалық жерлерде туылғандар саны 549 балаға кем, ал, ауылдық жерлерде туылған балалар саны 736-ға артық. 1000 адамға шаққандағы жалпы туылу коэффициенті 2012 жылы 26,78, 2013 жылы 26,80 көрсеткіш 0,2 промилге өскен. Мәуелі мұрат – «Қазақстан – 2050» Стратегиясының да негізгі арқауына айналады. Былтыр Елбасы Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні мерекесі болып белгіленді. Биыл республика көлемінде тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі. Осындай ауқымды шаралар облысымызда да жалғасын табуда. Облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жүйелі жұмыс атқаруда. Таяуда ғана Тараз қаласында Астана, Алматы қалаларының, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының делегаттарының қатысуымен өткен республикалық конференция соның бір айғағы. Алдағы уақытта әкелер слетін, өнерлі отбасылар фестивалін, отбасы құндылықтарын нығайту және отбасылық бизнесті дамыту мақсатында түрлі басқосулар, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сұлтан Әлімқұлов, облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы.