Әлеумет

Журналистке... жеті өнер де аз

Журналистке... жеті өнер де аз

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Былайғы жұрт журналистердің жазудан басқа жұмысы жоқ деп ойлауы мүмкін. Онда қателеседі. Қалам ұстаған қауымның арасында да жылқы баптап, бәйгеге тұлпар қосатын, кәсіп ашып, нәсібін еселеп жүрген жандар да баршылық. Жанына жақын «хоббимен» айналысатындар да көп. Біз бүгін баспасөз саласындағы еңбегімен көпке белгілі журналистерді басқа қырынан танытуды жөн санадық.

Пейзажист Пернекең

5Оқырман қауым Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Пернебай Дүйсенбинді қарымды қаламгер ретінде жақсы таниды. Әріптес аға сөзбен сурет салып қана қоймай, қылқаламның да қыр-сырын жетік меңгерген. Алайда, оның суретшілік өнері туралы, әсіресе табиғат көріністерін бейнелегенді жаны сүйетінін  біреу білсе, біреу біле бермейді.

– Сурет салуға деген қызығушылығым бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде оянды. Алғашқы салған «Өзенде» және «Балалар» атты суреттерім «Қазақстан пионері» және «Дружная ребята» газеттеріне басылды. Ал, 1958 жылы «Шопан отарында» деген суретім Мәскеуден миллиондаған тиражбен тарайтын «Пионерская правда» газетінде жарияланды. Сол суретке байланысты бұрынғы КСРО-ның түкпір-түкпірінен, тіпті Болгария мен Чехославакиядан менің атыма мыңдаған хаттар келді. Сол тұста бұрынғы «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газеті менің суретшілік өнеріме тұтастай бір бет арнап, салған суретімді, жан-жақтан келіп түскен хаттардың бірқатарын жарыққа шығарды. Мұның өзі мені әжептәуір қанаттандырды, – дейді П. Дүйсенбин. 7 8Пернекең кейіннен шабыттанған үстіне шабыттанып, майлы бояумен түрлі-түсті суреттер сала бастайды. Өзі оқыған, кейіннен директоры болған Әйтеке би атындағы мектепте арнайы көрме өткізеді. Мұндай шара 1967 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің үлкен фойесінде «Шабыттың қайнар бұлағы» деген атпен үлкен ауқымда ұйымдастырылды. Сонымен қатар батыр Баукең мен Панфилов бейнеленген «Қос қыран» полотносы Б. Момышұлының Жуалыдағы мұражайына қойылған. Төменде қаламгердің қолынан шыққан суреттердің бір парасы.

6Суырыпсалма Саятхан

Облыстық «Арай» газетінің тілшісі Саятхан Сатылғанов – болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген жастардың бірі. Басылымның «Мамандығымызды өзгертеміз» айдарын жүргізетін ол қолына ала таяқ ұстап, бірде жол сақшысы, бірде автотұрақ қызметкері болып жүреді. Бірде үйретілген иттермен шекара шебін қорғаса, тағы бірде мұғалім болып, сабақ та беріп көрген. Өзі тәп-тәуір асаба да. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Саятхан суырыпсалма ақын да болып шықты. Бірақ, онысын көпке көрсете бермейді. Мектеп кезінде  оқушылар арасында өтетін Абай және Махамбет оқулары сияқты дәстүрлі өнер сайыстарында да жүлделі орындардан көрініпті. Біз бүгін Саятханның ұлы ақын Абайға арнап жазған  жырын «Ақ жол» алғаш болып оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Ұлы дедік, Абайды Ұлы дедік!

Ұлы дедік, Абайды Ұлы дедік. Шырылдаған шындықтың құлы дедік. Аға сұлтан әкесі Ақ патшадан, Шен алған шонжарлардың бірі дедік.

Жөн сөзімді алты алаш мақұлдаған. Өз Тобықтым жат санап тақымдаған. Деп Абай арманда боп өткен екен, Мұң айтып қазағына жақындаған.

Бұл қалай, көре алмаудың белгісі ме. Шыныңды айт, аға ұрпақ көлкөрсі ме. Бас басына би болса өңкей қиқым, Қасиет те қалмайдау ер кісіде.

Шынымды айтсам, Абайға таңқаламын. Мыңмен жалғыз күресіп айналаның. Жоғын жоқтап жапанда жалғыз қалды, Маған қайғы сол кезде болмағаным.

Маған қайғы сол кезде болмағаным, Екеуміз деп қолымды созбағаным!

Бильярдшы Баймаш

4Жалпы, қолына қалам ұстағандардың көпшілігі тастаяқ ойынына, бір сөзбен айтқанда бильярдқа құмар келеді. Ойлана жүріп, олжа жинағанға не жетсін, әрине. Бірақ, олардың бәрінің жетістікке жетіп жүргені шамалы. Біле білгенге кий таяғымен домаланған шарларды лузаларға дәл бағыттай білу оңай шаруа емес. Бұған ептіліктен бөлек есептілік керек. «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Баймаханбет Ахмет тастаяқтың міне, осындай тың тәсілдерін меңгеріп алған журналист. Байекең бильярд ойнауды біркісідей меңгеріп қана қоймай, журналистер арасында жыл сайын өтетін Мұса Рахманбердиевтің еске алуға арналған турнирлерде алдына жан салмай, жүлделі орындарды қанжығаға байлап жүр. Дәстүрлі турнир биыл да өз жалғасын тапты. Тараз қаласындағы «Империя» бильярд клубына «Ақ жолдың» туын желбіретіп, Баймаханбет Ахмет кіріп келгенде қарсыластарының жүні жығылып сала берген. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының жүзге жуық қызметкері қатысқан жарыста Байекең жолында кездескен әріптестерін қоғадай жапырып, бірінен соң бірін тас-талқан етіп ұтты. Ақтық ойында да айрықша өнерімен ерекшеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Оқырмандарын тұшымды дүниелерімен қуантып жүрген әріптесімізді бильярдтағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!