Бильярдшы Баймаш

53

Жалпы, қолына қалам ұстағандардың көпшілігі тастаяқ ойынына, бір сөзбен айтқанда бильярдқа құмар келеді. Ойлана жүріп, олжа жинағанға не жетсін, әрине. Бірақ, олардың бәрінің жетістікке жетіп жүргені шамалы. Біле білгенге кий таяғымен домаланған шарларды лузаларға дәл бағыттай білу оңай шаруа емес. Бұған ептіліктен бөлек есептілік керек. «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Баймаханбет Ахмет тастаяқтың міне, осындай тың тәсілдерін меңгеріп алған журналист. Байекең бильярд ойнауды біркісідей меңгеріп қана қоймай, журналистер арасында жыл сайын өтетін Мұса Рахманбердиевтің еске алуға арналған турнирлерде алдына жан салмай, жүлделі орындарды қанжығаға байлап жүр.
Дәстүрлі турнир биыл да өз жалғасын тапты. Тараз қаласындағы «Империя» бильярд клубына «Ақ жолдың» туын желбіретіп, Баймаханбет Ахмет кіріп келгенде қарсыластарының жүні жығылып сала берген. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының жүзге жуық қызметкері қатысқан жарыста Байекең жолында кездескен әріптестерін қоғадай жапырып, бірінен соң бірін тас-талқан етіп ұтты. Ақтық ойында да айрықша өнерімен ерекшеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Оқырмандарын тұшымды дүниелерімен қуантып жүрген әріптесімізді бильярдтағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!

Comments are closed.