Жас өлкетанушылар өңір тарихын зерттемек
Жас өлкетанушылар өңір тарихын зерттемек
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтер мен табиғат зерттеушілерінің облыстық форумында жас жеткіншектер 7 аталым бойынша бақ сынады. Форумның ашылу салтанатында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жасөспірімдерді табиғатты аялауға баулу, өз өлкесінің табиғи мұрасын сақтау мен зерттеу, жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтық жауапкершілігі мен патриотизм сезімін дамыту мақсатында өткізілген форумға қалалық және аудандық кезеңдерде жеңімпаз атанған 109 оқушы қатысып, әртүрлі аталымдар бойынша біліктілік сынасты. Нәтижесінде Талас ауданындағы лицей оқушысы Ф.Абдрашева «Туған өлкені зерттейміз», Жамбыл ауданы, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Қ.Шаханов «Жасыл экономика», Жуалы ауданы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Өмірбекова «Денсаулық және қоршаған орта», Талас ауданы лицейінің оқушысы М.Якияев «Экоәлем», Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы орта мектептің оқушысы Е.Қайрат «Мерейтойыңмен, Астана!», Тараз қаласының №24 мектеп-гимназиясының оқушысы Л.Халевич шығармашылық жұмыстар көрмесі – «Қалдықтардан – табыстарға» аталымдары бойынша жеңімпаз деп танылды. Жалпы 42 үміткер жүлдегер атанып, оларға тиісінше дипломдар мен заттай бағалы сыйлықтар табысталды. Түрлі аталым бойынша тағайындалған арнайы сыйлықтар да иелерін тапты. Бұдан бөлек, командалық жұмыстарда «Табиғаттың құтқарушы шеңбері» экологиялық квест номинациясында 5 команда марапатталды.
Есен ӨТЕУЛИЕВ