Қоғам

Әртараптандыруға басымдық берілуде

Әртараптандыруға басымдық берілуде

Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға, оны әртараптандыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта Меркі ауданында да елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Агроқұрылымдарымыз нарықта өтімтал әрі көп табыс түсіретін қант қызылшасы мен майлы дақылдар өсіруге басымдық беруде. Мәселен, өткен жылы ауданда қант қызылшасы – 2334, мақсары 11458 гектар жерге егілсе, биыл олар 2500 және 12500 гектар алқапқа орналастырылады. Бұған қоса, картоп және бау-бақша егісі көлемі де біршама ұлғаяды. Жалпы, биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 79543 гектарға жеткізу көзделуде. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3176 гектарға артық. Өткен жылы күзде үстіміздегі жылдың өнімі үшін 13510 гектар жерге күздік бидай тұқымы себілді. Көптеген шаруашылықтар жоғары өнім алу үшін элиталы тұқымын пайдалануда. Оның бір бөлігі басқа облыстардан жеткізілді. Өсімдік өткен қыстың қатал болғанына қарамастан, жақсы өсіп, жетіліп келеді. Былтыр күзде сүдігер 27040 гектар алқапта көтерілді. Биыл ауданда жаздық арпа – 19774, дәндік жүгері – 1281, мақсары – 12500, қытай бұршақ – 500, қант қызылшасы – 2500, картоп – 657, жоңышқа – 4923 және көкөніс 1404 гектар алқапқа орналастырылады. Күн жылып, жер дегдісімен егіншілер жаздық арпа және қант қызылшасы тұқымын себуге кірісіп кетті. Көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы білетін олар ауа райының қолайлы кезін ұтымды пайдаланып, науқанды жылдам тәмамдауға күш салуда. Қажетті тұқым қоры жеткілікті. Олар сұрыпталып, себу кондициясына жеткізілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағар майға сұраныс облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолданған. Жеңілдікпен бөлінген 1625 тонна жанар-жағар май ауылдық округтердегі тапсырыс берушілерге таратылуда. Аграрлық салада жақсы нәтижеге жету үшін заманауи техниканы пайдаланудың маңызы зор. Сондықтан да ауданда ескі техниканы жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы 444,4 миллион теңгеге 45 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жаңару көрсеткіші 4,3 пайызды құрады. Биыл оны 5 пайызға жеткізу көзделуде. Агроқұрылымдарда су үнемдеу технологиясын қолдану да дұрыс жолға қойылып келеді. Өткен жылы ол 2007 гектар алқапқа енгізілсе, биыл 2208 гектарға жеткізіледі.

Садық Бұтабаев, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы

Меркі ауданы