Алуа үздік атанды
Алуа үздік атанды
Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай жыл сайын журналистер арасында спартакиада өткізіліп келеді. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Жарыс еліміздегі теңдессіз спорт кешені – «Тараз Арена» сарайында өтті. Спартакиаданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбосынова құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне сәттілік тіледі. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков те қаламгерлер қауымына ізгі тілегін арнады. Спартакиада шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, қол күресі және шахмат сынды спорттың бес түрі бойынша өтіп, оған алты бірдей команда қатысты. Негізінен жыл сайынғы бәсеке облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай» газеттері мен «Қазақстан Тараз» телеарнасының арасында өтіп жүргені жасырын емес. Биылғы додаға республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының облыстағы меншікті тілшілері де команда жасақтап келді. Сонымен қатар, шалғайда жатқан Мойынқұм және Талас аудандық газеттері редакцияларының да ортадан бір команда шығаруы құптарлық іс болды. Сонымен журналистер арасындағы бәсекеде «ақжолдықтардың» абыройы тағы да асқақтады. Үстел теннисі бойынша қыздар арасында өткен сайыста газетіміздің жас қызметкері Алуа Жақсымбет ешкімге дес бермей, бірінші орынды иеленді. Ерлер арасында «Ақ жолдың» намысын қорғаған Нұржан Жамбылұлы да әдемі ойын өрнегін көрсетіп, екінші тұғырдан көрінді. Бұл бәсекеде облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Бекет Момынқұл шақ келер қарсылас табылмағанын айта кеткен жөн. Ал, қол күресі бойынша қыздар арасындағы сайыста тағы бір «ақжолдық» ару Шынар Асанқызы екінші орынды еншіледі. Осы спорт түрі бойынша ерлер арасында өткен бәсекеде редакцияның заңгері Абай Шағамбаев үшінші орынға тұрақтады. Абай сонымен қатар шахмат ойыны бойынша да жүлделі үшінші сатыдан көрінді. Біз салауатты өмір салтын шығармашылықпен қатар ұштастырып жүрген әріптестерімізді жүлделерімен және келіп жеткен төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
"Ақ жол" - Ақпарат.