Көптен күткен балабақша ашылды
Көптен күткен балабақша ашылды
Қаратау қаласының батыс бөлігіндегі заманауи үлгіде салынған айшықты балабақша жекешелендірудің салдарынан бұзылып кеткен еді. Содан бері осы мөлтек ауданға қарасты көшелердің тұрғындары бөбектерін қаланың ортасындағы балабақшаларға сүйрелеп, әбіргерге түсіп жүретін.
Аудандық әкімдік пен мәслихат депутаттары осы мәселені шешуге ұмтылғанымен, орайы келмеген. Үкіметтің мемлекеттік және жекеменшіктік әріптестік арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламасы дүниеге келіп, қалталы азаматтар балабақша ашуды қолға алғанда бұл түйін тарқағандай болған. Қаланың шығыс беткейіндегі Домалақ ана көшесінде ашылғанына да көп бола қойған жоқ. Енді, міне, қаланың батыс бөлігінен «Ерке А-Я» деп аталатын жаңа балабақшаның есігі 50 бүлдіршінге айқара ашылды. Бұл әлеуметтік нысанның ірге қалауына мұрындық болған құрылтайшы – Айгүл Әлкенова. Балабақшаның ашылу салтанатына көше тұрғындары көптеп жиналды. Жиында аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмабек Әсемов қаратаулық ата-аналарды қуанышымен құттықтады. – Осы мөлтек ауданға бір балабақша керек еді. Міне, сол арманымыз орындалды, – деді Ж.Әсемов. Таяуда 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 100 пайызға орындалатынын естіген ата-аналар қуанып та жүр.
Сәулембай Әбсадықұлы, журналист Талас ауданы