«Қазақстан барысы» турнирінің сыйақы қоры ұлғайды
«Қазақстан барысы» турнирінің сыйақы қоры ұлғайды
Жұма күні Астанадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында «Қазақстан барысының» финалдық сынына қатысатын балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтті. Турнирдің ақтық бәсекесі 29 маусымда елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Биыл «Қазақстан барысы» турнирінің сыйақы қоры бес миллион теңгеге ұлғайтылмақ. Бұл туралы жоба авторы Арман Шораев былай дейді: «Негізі сыйақы мөлшері 150 мың АҚШ доллары көлемінде қалып отыр. Мөлшері сол деңгейде қалғанымен, теңгемен есептегенде бұл сома биыл бес миллион теңгеге өсіп отыр». Алыптар аламанын да биыл 28 балуан бақ сынайтыны белгілі. Солардың қатарында жамбылдықтар үлкен үміт артып отырған Бейбіт Ыстыбаев пен Дәулетхан Жақыпов бар. Бір айта кететіні, түйе балуандар бәсекесіне қатысқалы отырған екі спортшы да Талас ауданының түлектері. «Талас қыранына» (Дәулетханның лақап аты) бұл жарыста қиындау соғатын шығар. Өйткені, оның салмағы басқа түйе балуандарға қарағанда жеңілдеу. Дзюдода 81 килограмм салмақта белдесіп жүрген спортшыға аса ауыр салмақтағы қарсыластармен күресу қиындау соғатыны анық. Дегенмен, Жақыповтың жігері күшті. Іріктеу турнирінде Бейбіт ағасына да оңайлықпен алдырған жоқ. Ал, негізгі үмітіміз Бейбітте екені айтпасақ та түсінікті. Тек, Барыс балуанымыз жарақаттан аман болсын! «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» арнасы бұл жарысты тікелей эфирде көрсетеді. Көрсетілім Астана уақытымен 13:00-де басталады.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».