Әлеумет

Түлектер елге оралып, тал екті

Түлектер елге оралып, тал екті

Өткен сенбі күні ауданның бірқатар елді мекендерінде туған жерін түлетеміз деп ниеттенген жұртшылық бірлесіп, ауылды абаттандыруға ұмтылды. Бұл іс негізінен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан бастау алғанын айту керек.

Аталған мақалада басқа аймаққа көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлер, шенеуніктер, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер жастарды ұйымдастырып, елді мекендерді абаттандыруға, арық-атыздарды тазалауға жұмылдыру жөнінде айтылған еді. Осыған байланысты Д. Қонаев қорының ұйымдастыруымен Ойық ауылында Бөлтірік шешен, Қарақожа мешіттерінің айналасына мың түптей ағаш отырғызылып, жаяу жүргінші жолдары қайта жөнделді. Қалталы кәсіпкерлердің демеушілігімен қоршаулары жаңартылды. Сол күні Д. Қонаев атындағы орта мектепті бұдан 20 жыл бұрын бітірген түлектер сенбілікке қатысып, ауыл ортасындағы аллеяны қайта жаңғыртты, тал-дарақ екті, жеміс ағаштарын отырғызды. Арқалықтарды жаңартты. Осынау игі істің басы-қасында болған еңбек ардагерлері Тыныс Сейдуанов, Есенаман Бейсеуовтер сенбілікке қатысушыларға алғыстарын білдірді. Сенбіліктен соң Қонаев қорының аудандық филиалының ұйымдастыруымен ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды. Рухани жаңғыруға байланысты игілікті іс Есей би ауылына қарасты Қараой елді мекенінде жалғасуда. Ауылдан шыққан түлектер қаржы жинап ауыл төңірегіндегі жеті бірдей зират орындарын қоршамақшы. Бұл іске мұрындық болып жүрген Қараой ауылының тумасы, бүгінде Алматы қаласында қызмет етіп жүрген Әзімхан Әтірханұлы деген азамат. Олар қоршау жұмыстарын бастап, оны таяу арада аяқтауды көздеуде. Аталмыш іс-шаралардың өзге елді мекендерде де жалғасын табатындығы даусыз.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, журналист

Талас ауданы