Үздіксіз оқытудың бастапқы сатысына серпіліс қажет
Үздіксіз оқытудың бастапқы сатысына серпіліс қажет
Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізуді тапсырды. Бұл қадам үздіксіз оқытудың бастапқы сатысына үлкен серпіліс беретіні анық. Балабақшадағы тәрбие мен білім беру үдерісінде пайдаланылатын бірыңғай стандарттарды әзірлеуде нені ескеру керек, жаңа бағдарламамен жұмыс істеу үшін барлық мектепке дейінгі мекеменің материалдық-техникалық базасы сай болуы қажет шығар? Осы сауалды Тараз қаласындағы №42 «Жұлдыз» балабақшасының меңгерушісі Гүлнара Иманбердиеваға қойдық.
– Үздіксіз білім алу – нарықтық қатынастар кезеңіндегі басты талап. Кім білімді, бәсекеге қабілеттісі қайсы – соған сұраныс та көп. Қазір кадрға талапты жұмыс берушілер қойса, келешекте шет тілін жетік білетін, заманауи техникаларды еркін меңгерген, білімді, білікті, тәжірибелі мамандар айлық жалақысын, жұмыс уақытын өзіне ыңғайлы етіп қойып беруді сұрайтын болады. Себебі ондай бесаспаптар аз кездеседі. Болашақтағы уақыттың ағымын аңғарған Мемлекет басшысы балалардың бойындағы қабілетті ерте дамыту үшін жаңа стандарттарды әзірлеуді тапсырып отыр. Ал бірыңғай стандартта балғындардың мінез-құлқындағы ерекшеліктері ескерілуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені кей бүлдіршіннің айналасын танып-білуі баяу қалыптасады, кейбіреуі қағілез, естігенін-көргенін жылдам қабылдайды. Сондай-ақ өз бетінше оқып, жаза алуы үшін балабақшаның материалдық жабдықталуына да мән берген жөн. – Тәлім мен тәрбие балабақшадан басталады дейсіз ғой... – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсеткен. Олай болса, балабақша – білімнің негізі қаланатын болашақтың баспалдағы. Бұл – Президенттің балаларға деген қамқорлығы. Ендеше кейінгі ұрпақтың саналы болып өсуіне, жан-жақты жеке тұлға ретінде қалыптасуына бәріміз аянбай еңбек етсек деймін. Өйткені тәлім мен тәрбиені баланың бойына жастайынан сіңіру керек. Ол, әрине балабақшадан басталатыны анық. – Балабақша жайында мәлімет бере өтсеңіз? – №42 «Жұлдыз» балабақшасы 2017 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде қалалардың және ауылдық елді мекендердің объектілерін жөндеу» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен ғимараттың құрылыс жұмыстары 2017 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілген болатын. Мекеме 280 бүлдіршінге арналған. Қазір мұнда қазақ және орыс тілді 12 топта 2 мен 6 жас аралығындағы 150 бала тәрбиеленуде. Жетпістен астам адам жұмыс істейді, оның 31-і – педагогтер. Барлық топқа арналған ойын және жатын бөлмелері қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Осы орайда Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның балабақшамыздың безендірілуіне көп көмектескенін атап өткім келеді. Эстетикалық талғамға сай жарақтанған балабақшаға кішкентай бүлдіршіндер зор қуанышпен келіп жатса, бұл біз үшін үлкен жетістік. – Білім беру үдерісінің нәтижелі болуы білікті мамандарға байланысты. Балабақшада педагогикалық құрам жеткілікті ме? – Әрине, тәжірибелі педагогтер құрамы толық, хореограф, психолог, логопед, сонымен қатар ағылшын тілі, бейнелеу өнері мамандары бар. Балалардың дарынын ашу мақсатында дәстүрден тыс түрде үйірме және шығармашылығын, өнерге деген қызығушылығын дамытуға бағытталған жұмыстар үнемі жүргізіледі. Тәжірибелі педагогтер жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Осы арқылы баланың дарынын ашып, білуге деген қызығушылығын арттыра аламыз деп ойлаймын. Түрлі спорттық іс-шаралар мен сауық кештері ұйымдастырылады. Ата-аналармен тығыз байланыс жасау үшін Ашық есік күндері өткізіліп, түрлі тақырыпта кеңестер беріледі. Балалармен бірлесіп өткізілетін іс-шараларға ата-аналар белсене араласып, қызығушылық танытуда. – Әңгімеңізге рахмет!
Камила БОРАШОВА