«Полиция барысы» анықталды
«Полиция барысы» анықталды
«Динамо» спорт кешенінде облыстық ішкі істер органдары қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Полиция Барысы-2018» облыстық турнирі өтті. Турнирде Азия, республика чемпионы атанған полиция қызметкерлері бақ сынасты. Іс-шараға ішкі істер департаменті басшылығы мен жеке құрамы, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков,«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақ күресінен» халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші Ринат Дүйсенов қатысты. Спортшылар үш салмақ дәрежесі бойынша тартысқа түсіп, 80 келі салмақта жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция лейтенанты Әлмұхан Орынбаев, 90 келі салмақта полиция аға лейтенанты Бегімхан Әділбеков жеңімпаз атанды. +90 келі салмақ дәрежесі бойынша полиция майоры Жалғас Бекмұратов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал облыс бойынша «полиция барысын» анықтау кезеңінде Бегімхан Әділбеков қарсыластарынан басым түсіп, арнайы белбеуге ие болды. Жеңімпаздардың барлығы Ішкі істер министрлігінің чемпионатына жолдама алды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ