Спорт және туризм

Фируза Шарипова Вальстреммен жұдырықтаса ма?

Фируза Шарипова Вальстреммен жұдырықтаса ма?

Қазақ арулары арасынан кәсіпқой бокста тұңғыш рет екі салмақта әлем чемпионы атанған жамбылдық былғары қолғап шебері Фируза Шарипова алдағы уақытта жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, финляндиялық Ева Вальстреммен қолғап түйістіруі мүмкін. Фин боксшысы таяуда америкалық Мелисса Вилді төрешілердің бір жақты шешімімен жеңіп, өзіне тиесілі чемпиондық белбеуді қорғап қалған болатын. Шарипова-Вальстрем шайқасы жақын арада өтуі мүмкін бе? Бұл туралы қазақстандық боксшының менеджері Сергей Завилейский өз ойымен бөлісті. – Ева Вальстрем чемпиондық белбеуін қорғаған сәтте біз оның менеджерлерімен хабарласып, 9 маусым күні Санкт-Петербургте жекпе-жек өткізу туралы сөйлестік. Вальстремнің тарапы боксшы алдыңғы шайқасында жарақат алғанын алға тартты. Ол спорттық бабына қайта келген сәтте біз келіссөз жүргізуді қайта бастаймыз. Қазіргі кезде Вальстремнің Фирузамен қолғап түйістіретініне сенім аз. Сондықтан біз өзге де қарсыластарды қарастырып жатырмыз. IBF, WBA, WBO тұжырымдары бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы, аргентиналық Анне Лауре Эстечеге ұсыныс тастадық. Сондай-ақ осы салмақтағы ресейлік Светлана Кулакованың командасымен де сөйлестік. Әрине, біз үшін Ева Вальстреммен кездескен өте тиімді. Фирузаның нақты кіммен жұдырықтасатынын жақын арада білетін боласыздар, – деді ол. Рас, бокс жанкүйерлері үшін Шарипова-Вальстрем кездесуі маңызды. Әйткенмен кәсіби мансабында Финляндиядан өзге жерде шаршы алаңға шығып көрмеген фин спортшысы Завилейскийдің ұсынысын қабыл алар ма екен?

Табиғат АБАИЛДАЕВ