Спорт және туризм

Қарсыласын 31 секундта құлатты

Қарсыласын 31 секундта құлатты

Қазақ әуесқой боксының жарқын жұлдызы саналған, алайда жақында кәсіпқой боксқа ауысқан Садриддин Ахмедов шаршы алаңдағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, 31 секундта жеңіс тойын тойлады. Орта салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Садриддин мексикалық Тони Баррересаның мысын басты. Кәсіпқой бокс әлемінің майталман мамандары әйгілі Артуро Гаттимен теңестірген Садриддин шайқас бастала салысымен қарсыласын қыспаққа алып, толассыз шабуылдарының нәтижесінде қарсыласын нокдаунға жіберді. Мексикалық боксшы орнынан тұрған сәтте Садриддин қайта шабуылға көшіп, Баррересаны нокаутқа түсірді. Бұл – Канада төріндегі қазақ боксшысының жарқын жеңісі. – Бәрі ойдағыдай өтті. Орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасқанды жөн деп таптым. Бірақ тез жеңіске жетемін деп ойламадым. Жаттығу барысында тыңғылықты дайындалғаным өз нәтижесін берді деп ойлаймын. Бірінші шайқасты орта салмақта өткізгеніммен, алдағы уақытта бірінші орта салмақта жұдырықтасатын боламын. Еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, жанкүйерлерге ғаламат жеңістер тарту еткім келеді. Сол бағытта аянбай еңбектенуге әзірмін, – деді Садриддин жекпе-жектен соң өз ойымен бөлісіп. Жастар арасындағы талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған Садридиннің алар асуы алда екеніне біз де сенеміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ