Әлеумет

«Post» терминалды пайдалануды білесіз бе?

«Post» терминалды пайдалануды білесіз бе?

Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мекемеде 1300-ден астам адам жұмыс істейді. 10 аудандық пошта байланыс торабы, 34 қалалық, 152 ауылдық, 4 жылжымалы бөлімшесі, 19 байланыс, 36 төлемді қабылдау пунктері тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету үшін 90 пайыздан астамына автоматты жүйе енгізілген. Алдағы уақытта барлық бөлімшені автоматтандыру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлі мәлімдеді. – Пошта байланыс бөлімшелерінде Халыққа қызмет көрсету орталығының 66 қызмет түрі көрсетілетін болады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында көзделгендей, көше бойындағы барлық ғимараттарда бірегей әріптік-сандық пошта индекстерімен сәйкестендірілу жұмыстары жүргізілуде. Бұрын бұл белгілер тек алты саннан тұратын болса, жаңа пошта индексі бойынша жеті таңбадан құралады. Ондағы бірінші таңба аймақты білдіреді (мысалы, Н –Жамбыл облысы). Қазір осы бағдарлама бойынша 92 көшеге, қала, аудан ғимараттарына жаңа пошта индекстері көрсетілген мекен-жайлық тақтайшалар орнату жұмыстары жүргізілуде, - деді Болысбек Бөрібекұлы. Ауыл тұрғындары зейнетақыларын, әлеуметтік жәрдемақылары мен еңбекақыларын алу үшін көп жағдайда «Қазпошта» байланыс бөлімшесіне жүгінеді. Бүгінде осы қызметтерді пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін пошта бөлімшелеріне «Post» терминал құрылғылары орнатылған. Қазір облыс деңгейінде «Post» терминал құрылғыларымен қамту үлесі 90 пайызды құрап отыр екен. Келесі жылы мұндай озық үлгідегі жабдықпен барлық елді мекен түгел қамтылатын болады. Брифингте акционерлік қоғамның бастамасымен әзірленген бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған «Жалақы төлеу жобасы» таныстырылды.

Камила БОРАШОВА