Саясат

Қазақстан аумағы арқылы Ресей мұнайы Қытайға тасымалданады - Парламент

Қазақстан аумағы арқылы Ресей мұнайы Қытайға тасымалданады - Парламент

Бүгін Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Аталған келісім 2013 жылдың 24 желтоқсанында Мәскеу қаласында жасалған болатын әрі құжаттың мақсаты Қазақстан аумағы арқылы ресейлік мұнайды Қытайға тасымалдау болып табылады. Бұл ретте тараптар ресейлік мұнайды жылына 7 млн тонна көлемінде ұзақ мерзімді тасымалдауы үшін жағдай жасайды. Ал оның көлемі келешекте он миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін.

«Бұл ретте Омбы (Ресей) - Ертіс (Қазақстан) - Атасу (Қазақстан) -Алашанькау (ҚХР) тасымалдау бағыты бойынша магистральдық құбырлар жүйесіне қол жеткізу құқығын қамтамасыз етеді. Мұнай тасымалдауға арналған тариф бес жылға бекітіледі. Мұнайды тасымалдау бағыты бойынша тасымалданған мұнайдың әрбір тоннасы үшін АҚШ долларымен есеп айырысу қарастырылады», - дейді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин. Оның айтуынша, Қазақстан тарапы тасымалдау бағыты бойынша мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерге нөлдік мөлшерлемемен қосылған құн салығын салуды көздейді. Бұл ретте Қазақстан тарапы еліміздің салық заңнамасына сәйкес, қосылған құн салығын қайтару үшін мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерді халықаралық тасымал ретінде қарастырады.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz