Саясат

Тұрғын үй құрылысына тың серпін

Тұрғын үй құрылысына тың серпін

Халқымызда: «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп текке айтылмаса керек. Баспана – шын мәнінде бақыт шамы. Елімізде бүгінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салу үшін мол қаржы бөлініп, олардың инженерлік және коммуникациялық жүйелері жүргізілуде. Әлбетте, бұл – құрылыс салушылар үшін үлкен көмек.

Елбасының жуырдағы халыққа Үндеуіндегі 5 әлеуметтік бастамасының ішінде әсіресе, «7-20-25» бағдарламасының маңызы ерекше деп санаймын. Ол табысы төмен тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін бұрынғыдан да жеңілдете түседі. Біріншіден, ипотекалық несиенің жылдық өсім мөлшері 7 пайыздан аспайды. Ал алғашқы жарна 20 пайыз көлемінде болады. Несиені төлеу мерзімі 25 жылға ұзартылады. Қалың жұрттың күткені де осы еді. Демек, бұл бағдарлама келешекте тұрғын үй құрылысының дамуына жаңа серпін береді. Мәселен, Тараз қаласында осындай шартпен салынатын жаңа үйдегі көлемі 60 шаршы метр 2 бөлмелі пәтердің құны шамамен 7 миллион теңге болады. Мұндай жағдайда алғашқы жарна сомасы 1400000 теңгені құрайды. Екіншіден, бұл құрылыс салушылар үшін де тиімді. Мердігерлерге құны біршама арзан құрылыс нысанын салуға мүмкіндік туады. Тұрғын үй нарығы кеңейіп, бәсекелестікке жол ашылады және пәтерлердің сапасы жақсарады. Тараздағы «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің осы бағдарламамен жұмыс істеуге толық мүмкіндігі бар. Біраз жыл бұрын пайдалануға берілген, ірі қабырғалық панельдер шығаратын Үй құрылысы комбинатымыз арқылы қалада бағасы қолжетімді көп қабатты үйлер салудамыз. Өткен жылы Таразда әрқайсысы 27 пәтерлік төрт үйдің құрылысын бітірдік. Қазірге дейін 75 пәтер сатылды. Биыл осындай тағы үш ғимараттың құрылысын жүргізіп, іске қосуды көздеп отырмыз. Мәселен, Сүлейменов көшесіндегі біз салған баспананың бір шаршы метрінің құны 110 мың теңгені құрады. Демек, бұл көлемі 60 шаршы метр 2 бөлмелік пәтердің бағасы 6 миллион 600 мың теңге болды деген сөз. Біз бұған жаңа технологиямен жұмыс істеу нәтижесінде қол жеткізудеміз. Ірі қабырғалық панельдермен құрастырылған пәтерлер қолайлы, кең әрі жылы. Дегенмен баспана бағасын әлі де қолжетімді ету үшін бірлесіп шешетін біраз мәселелер бар. Біздер – мердігерлер тұрғын үй салатын телімдерді өзіміз іздеп тауып, жалға немесе сатып аламыз. Екіншіден, бізге инженерлік және коммуникациялық жүйелерді жүргізу елеулі қаржыны талап етеді. Мұның барлығы баспана құнына айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Мемлекет келешекте осы мәселелерді дұрыс жолға қойса, пәтер құнын бұдан да төмендетуге кең мүмкіндік ашылып, нұр үстіне нұр болар еді.

Серік Олжабеков, «Бином» ЖШС бас директоры