Әлеумет

Оразаға дейін ыстық су беріле ме?

Оразаға дейін ыстық су беріле ме?

Биыл жылыту маусымы Тараз қаласында жылдағыдан ерте аяқталды. Оған себеп – орташа сыртқы ауа температурасының тұрақты +8 градус болуы. Бұл Қазақстанның санитарлық нормаларында (СН РК 2.04-21-2004*) көрсетілген. Сондықтан жауапты тұлғалар наурыз айының 31-інен сәуірдің 1-іне қараған түні жылу беруді тоқтатты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрбай Тілегенов айтып берді.

– Энерготұтыну жүйелерінің жылыту маусымына дайындығы бойынша бекітілген ұйымдастыру-техникалық іс-шараларына сәйкес 16-29 сәуір аралығында жылу желілерін жөндеу және алдын ала гидравликалық тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ қала тұрғындарына 30 сәуір мен 16 маусым аралығында ыстық су беріледі. Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталмақ. Сол себепті белгіленген кестеге сай қаланың кейбір бөліктерінде жөндеу жұмыстары аяқталған соң, ыстық су қайта беріле бастайды. Ал «Жамбыл-жылу» кәсіпорны бойынша РК-1 жылу көзі тарапынан 30 сәуір мен 29 қыркүйек аралығында «Қаратау», «Қарасу» мөлтек аудандары мен «Қарасу» және «Қан зауыты» алаптарындағы 83 көп қабатты түрғын үй ыстық сумен қамтылады деп күтілуде. Жылыту маусымына қосу үшін 29 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қайта тоқтатылады, - деді Нұрбай Мейрамбекұлы «Таразэнергоорталық» АҚ-ның ыстық сумен – 472, «Теміржол-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 19 көп қабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ететінін тілге тиек етті. Маманның айтуынша, 2017-2018 жылғы жылыту маусымы 176 тәулікті құрапты. Ал норматив бойынша 164 тәулік болуы керек. Әйтсе де жылыту маусымының аяқталуы туралы толыққанды хабарландырудың жүргізілмегені, сәуір айының алғашқы аптасында күн райының қайта суытып, сыртқы ауа температурасы тұрақты көрсеткіштен түсіп кеткендігі тұрғындарды әжептәуір әбігерге салғаны жасырын емес. Журналистердің осы тұрғыдағы сұрақтарына басқарма басшысы тарапынан мардымды жауап болмады.

Жанғазы АХМЕТ