Экономика

Еңбектің көзін тапқан шаруа байлықтың өзін табады

Еңбектің көзін тапқан шаруа байлықтың өзін табады

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ және Жамбыл аудандарында іссапармен болып, көктемгі дала жұмыстарымен танысты. Ең алдымен аймақ басшысы Байзақ ауданы Суханбай ауылдық округіндегі «Асыл Бақ» өндірістік кооперативіне барып, мұндағы 50 гектар жерге жүргізіліп жатқан үдемелі алма бақ құрылысын көрді.

Өткен жылы қолға алынған жобаның құрылысы бүгінде аяқталуға жақын. Сәуір айының басынан бері бақта көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алма тұқымдары Польшадан әкелініп, отырғызылуда. Міне, осы жұмыстар жайында облыс әкіміне құрылысқа жауапты «FTC Equity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Алмас Кәрібаев жан-жақты баяндады. – Көшет отырғызуды сәуір айының аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін дала жұмыстарына 54 адам, 10-ға жуық техника жұмылдырылған. Негізгі отырғызылып жатқан тұқымдар – польшалық «айдаред», «гала», «голден делишес» сортты алмалар. Бұл тұқымдардан болашақта гектарына 50 тоннадан алма алынады деп күтілуде. Бұйыртса, 5 маусымға дейін барлық құрылыс жұмыстарын бітіріп, бақты кооперативке өткіземіз. Бірақ көшеттер тамыр алып, өнім бергенге дейін 2 жыл бойы бақты польшалық мамандармен бірлесе бақылауда ұстаймыз. Және олар жергілікті мамандарға жаңа технологиямен жабдықталған үдемелі бақтың жұмысын жүргізуді үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, қазір шешімін таппаған мәселе жоқ. Барлығы жоспар бойынша іске асуда, – деді серіктестік басшысы. Айта кетейік, бұл «FTC Equity» ЖШС-ның облысымыздағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін серіктестік Жамбыл ауданы Шайқорық ауылының маңынан 74 гектарлық үдемелі алма бағының құрылысын жүргізген. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 100 гектар жерге шие көшеттерін отырғызған. Ал «Асыл-Бақ» өндірістік кооперативіне бүгінде 10 шаруашылық мүшелікке кірсе, олар бақ құрылысының аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Және жобалық құны 720 миллион теңге тұратын осындай алып жобаны жүзеге асыруға қолұшын созған Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорына алғыстарын білдіруде.

Үдемелі алма бақ құрылысын таныстыру барысында осы аудандағы «Талап» шаруа қожалығының төрағасы Мауыт Фазылов облыс әкімінен қызылша шаруашылығына қажетті 800 гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу үшін инфрақұрылым тарту жұмыстарына көмектесуді сұрады. Жоба сызбасымен жіті танысып шыққан Асқар Исабекұлы серіктестік сұраған 312 миллион теңге бірден бөліне салмайтынын ескертіп, бұл мәселені «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында шешу қажеттігін айтты. Және орынбасары Мәден Мұсаев пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Нығмашевке жобаны жан-жақты зерделеуді тапсырды. Аймақ басшысының келесі аялдаған нысаны – Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Манат» шаруа қожалығы. 70 гектар жерге дәстүрлі технологиямен қант қызылшасын егіп жатқан шаруашылық төрағасы Саха Манатов өңір басшысына межелі міндеттер мен жоспарлы көрсеткіштерден гөрі, түйіні тарқамаған бірқатар түйткілдерді ашып айтты. Мәселен, шаруа бүгінде қолданыстағы техникалардың ескіргеніне және қызылшаға қажетті гербицидтердің қымбаттығына алаңдаулы екенін сөз етті. Сондай-ақ дихан делдалдардың кесірінен биыл тәтті түбір ұрығының бағасы да шарықтап кеткенін жеткізді. Әр мәселені мұқият тыңдаған Асқар Мырзахметов қажетті техникаға қатысты ақпаратты министрлікке хат жүзінде жолдауды, зиянкестерге қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек мәселесін біржақты шешуді, тәтті түбір тұқымының бағасын тұрақтандыруды құзырлы мекеме басшыларына міндеттеді. Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округіндегі «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативіне табан тіреген облыс әкіміне мұндағы шаруалар Қант зауыты қызылша тұқымымен қамтамасыз етуді кешіктіріп жатқанын жеткізді. Кооператив төрағасы Нұридин Бетмановтың айтуынша, қазір олар 50 гектар жерге тәтті түбір отырғызуға және егістікке тамшылатып суару технологиясын енгізуге бар қам-қарекетті жасап қойыпты. Тек тұқым жағы қос бүйірден қысып тұрған көрінеді. Бұл мәселеден хабардар болған облыс әкімі Қант зауытымен байланыс орнатып, олқылықтың орнын толтыруды ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына тапсырды. Жамбыл ауданы «Айша бибі» ауылдық округіндегі «Ақкөл» шаруа қожалығы 100 гектар жерге пияз, картоп және сәбіз егу жұмыстарын бастап кеткен. 2015 жылы кәсібін бастаған шаруашылық биыл егістікке тұңғыш рет тамшылатып суару технологиясын қолданып отыр. Міне, осы бастамаларымен облыс әкімін таныстырған қожалық бригадирі Ислам Минусов бұған дейін жылына 1 гектардан 70-80 тонна өнім алса, жаңа технологиямен өнім көлемі өседі деп үміттеніп отырғандарын жасырмады. Алайда шаруашылықтың өндірген өнімі егістік басынан сатылып кететінін естіген аймақ басшысы бұл жайтқа көңілі толмайтынын айтты. – Шаруашылықтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Жергілікті билік те шағын кәсіпкерлердің тірлігін тіктеу үшін барын аямауда. Сонда олардың еккен өнімінен облыс экономикасына бір тиын пайда келмесе, науқандық жұмыспен қамтыған адамдары арнайы мекемеде тіркелмесе, салық төленбесе, бұны қалай түсінуге болады? Неге өңірімізде өндіріліп жатқан өнімдерді өз пайдамызға жаратпаймыз? Егер облыстағы бағаны тұрақтандыру қорының қоймаларына осы өнімдерді сақтап, кейін елге төмен бағамен ұсынсақ, бұдан ұтарымыз көп болмай ма? – деген Асқар Исабекұлы бұл мәселені іссапар хаттамасына енгізіп, орынбасары Мәден Мұсаевқа жіті зерделеуді тапсырды. Осылайша көктемгі дала жұмыстарының барысын бақылап қайтқан облыс әкімі бірқатар мәселелерге көз жеткізіп, құзырлы мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Және аймақ басшысы әр сүйем жерді тиімді пайдалануды агросекторға жауапты мамандардың есіне салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі