- Advertisement -

Президент бейнесі

177

- Advertisement -

Хандар мен патшалар туралы жырламаған, сөз айтпаған қазақ әдебиетінде жанр жоқ десе де болатындай. Дегенмен, қазір заман өзгерді. Соған сай талап пен тілек те өзгеріп, жаңа арнаға ауысты. Жүректен шыққан сөз тарихтан орын алары сөзсіз. Әсіресе бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  азаматтық болмысы, адам-пенде ретіндегі кескін-келбеті мен тұлғалық бейнесін жырлау  қазіргі қазақ поэзиясының үлкен бір өзегіне айналып отыр. Сондықтан да, Президентті жырлау ақындар шығармашылығының өзегіне айналды.

  Бұл топтың басында көрнекті ақындар Тұманбай Молдағалиев, Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова, Шөмішбай Сариев, Несіпбек Айтұлы, т.б. тұрғанын айту керек. Тіпті бұл ақындар жекелеген өлең-шумақтарында ғана емес, поэзияның түрлі жанрында да Президентті басты кейіпкер ретінде суреттеді. Мәселен, Н. Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы – Тұңғыш Президенттің елге еткен еңбектері хақында сөз қозғаған, келешек астананың маңызы туралы ой айтқан шығарма болды. Ал ақын Тұманбай мен Президенттің арасындағы тілектер мен құттықтаулар өлең түрінде алмасылғаны белгілі. Шөмішбай Сариевтің —

…Жер бетіндегі бірінші қазақ,
Мен саған басымды ием…
Бал-бұлақтар көзінің жасы дерсің,
Қаншама есік ашып ғасыр енсін.
Бір сенен басталған бірінші қазақ,
Үш жүздің ұрпағының басы сенсің, – деп Елбасын бірінші қазақ, тұңғыш қазаққа теңеуі үлкен тебіреністен келіп шыққан ой-өрнегінің жемісі деп түсінгеніміз абзал.
Ал, Ақын Күләш Ахметова:
Сен – қазақсың!
Алғызбайтын барыссың!
Ар-ожданның асқағысың, намыссың!
Тағдырыңды танығысы келгендер
Тасқа басқан тарихыңмен таныссын! – деп жырлайды. Осы өлең жолдарындағы ақынның барша қазақ баласын «барысқа» теңегендігін байқаймыз. Ал оның түпкі мағынасында қазақты әлемге танытқан бірінші қазақ Елбасы тұрғандығы айдан анық. Барыс – азулы да қайратты аң, ол біздің тәуелсіздігіміздің символы. Тіпті «Қазақстанның – 2030» Стратегиялық бағдарламасында Елбасының өзі болашақ қазақ мемлекетін Орта Азияның барысына теңегендігі белгілі. Ал, Күләш ақынның Елбасының өзін азулы барысқа теңеуі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың азаматтық болмысына берген өте жоғарғы бағасы. Біз оны әдебиетте теңеу деп атап жүрміз. Осы теңеудің өзін орынды қолданып, көркем тілмен өрнектеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін ақынның тілі орамды, айтар ойы анық болуы шарт. Бұл сөз өнерінің ақындарға қойған табиғи талабы.
Ақын, сондай-ақ,
Қайтып жатыр оралып түз алтыны
Алда биік асқар шың, мұзарт ұлы.
Президент!
Қазақтың дербестігін
Бүкіл дүние таныды Сіз арқылы – деп Елбасының азаматтық, тұлғалық бейнесін сомдаумен қатар, оған болашақ қазақ елінің тағдырын да аманат еткен.
Қазақтың ең құдіретті өнері – сөз өнері, ал, ең құдіретті адам – сөз өнерін ұстанған адам. Ұлтымыздың тарихтың ұзына көшінде талай саладан өзгеден қалып қойған тұстары болар, бірақ сөз өнерінен, оның ішінде өлеңнен ешкімге есе бермегені анық. Осы тұрғыдан келгенде Елбасымыздың да сөз өнерінен, шешендіктен кенде емес екендігін айта кеткеніміз жөн. Мәселен, оны тек мінберлерде сөйлейтін сөзінен ғана емес, қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев 2008 жылдың қарсаңында Елбасына жолдаған жаңажылдық құттықтау хатына берген жауабынан да көруге болады. Онда былай делінген:

 Қазағымның тапсам деп қалай бабын,

Мен жүрмін тәуелсіз ел ойлап қамын.
Сен жырлай бер қазақтың бақ, ырысын,
Жылдан жылға аман боп, Тұманбайым!
Жақсыны, жаманды да көрді басым,
Сондықтан асымаймын, тасымаймын.
Тұманбайлар ісімді қолдап жүрсе,
Бастай берем халқымды, жасымаймын.
Хаттың соңында «ақын емес – Н. Назарбаев» – деп қол қойып, жауап жазғаны, қазаққа тән сөз қадірін түсінген болмысты көрсетсе керек. Мұның өзі бүгінгі Елбасымыздың поэзиядан құралақан емес және оған айтарлықтай көңіл бөлетіндігін аңғартады.
Қазақ елінің үш бақыты бар. Бірінші бақыты – ата-бабасынан мұра болып қалған кең байтақ, бай атамекені – қазақ даласы. Бұл ұғымға атамекеніміздің жерасты, жерүсті табиғи қазына-байлығы, мыңдаған жылғы тарихы, жыры, дүниетанымы, қайғы-қасіреті, қуанышы, мемлекеті, қалалары, т. б. сияды.
Екінші бақыты – әлемдік деңгейдегі ойшылы – Абайы. Хакім Абай.
Үшінші бақыты – социализмнен Тәуелсіздікке 1991 жылға аман-есен жеткізіп, өткен жиырма жылдың ішінде елді өркениетті елдер қатарына қосып, кезінде тарыдай шашылып кеткен қазақтарды ата жұртына жинап, керемет сәулетті жаңа қала Астана салып, елдің шекарасын мәңгілікке құқықтық негізде бекітіп, тақыр жерге тау тұрғызғандай теңдесі жоқ ерлік, яғни, мемлекет құрып, әлем жұрты аңтарылып дағдарысқа түскенде, дағдарыстан шығудың кілтін ұсынған, шын мәнінде әлемдік деңгейдегі саяси тұлға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сондықтан да, қазіргі қазақ поэзиясының азулы ақындары Елбасының тұлғалық сипатын жырлауы өте орынды деп білгеніміз жөн.

Жазира АБДУАЛИЕВА,
ТарМПИ-дің доценті, филология
ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support