Кем түспеді, тең түсті
Кем түспеді, тең түсті
Бірінші лигада сынға түсіп жатқан «Тараз» футбол клубы маусымды «Байқоңыр» командасына қарсы ойынмен бастады. Түзде ойнаған жерлестеріміз аталмыш ұжымды жеңе алмай, тең тарқасты. Біріншіліктің бірінші кезеңінде «Тараз» футболшылары тәуір ойын үлгісін көрсете білді. Әлбетте, «Байқоңырды» жеңуге болатын еді. Әйткенмен жаңадан жасақталған жамбылдық жігіттер кейбір ұрымтал сәттерді ұтымды пайдалана алмаса, қайсыбір шабуылдарда бір-бірін түсініспей жатты. Нәтижесінде ойында есеп ашылған жоқ. Жалпы, «Тараз» футбол клубы ағымдағы маусымда ойдағыдай ойын өрнегін көрсетіп, келесі жылы премьер-лигаға оралуды көздеп отырғаны мәлім. Ол үшін «Байқоңыр» секілді ортан қол ұжымдарды міндетті түрде жеңу керек-ақ. Ұпайдан шашау шығармаған ләзім ғой. Әр кездесу сайын жарқын мәнерде жеңіске жетіп, жанкүйерлер сенімін ақтаса деген ой бізді мазалап тұрғаны. «Тараз» футбол клубы енді ақтаулық «Каспий» командасына қарсы жасыл алаңға шығады. 8 сәуірге жоспарланған кездесу Шымкент қаласында өтеді. Ал үшінші турда жамбылдық футболшылар «Қайрат А» командасын өз алаңымызда қабылдайды. Одан кейін «Екібастұз» командасының шама-шарқын байқап көрмек. Алдағы ойындарда жерлестерімізге тек жеңіс тілейміз!
Табиғат Абаилдаев