Сауль Альварес жекпе-жектен бас тартты
Сауль Альварес жекпе-жектен бас тартты
Көптен күткен Головкин-Альварес жекпе-жегі 5 мамырда өтпейтін болды. Рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек пайдаланды деген айып тағылған мексикалық боксшы Сауль Альварестің командасы алдағы шайқастан бас тартқанын ресми түрде жариялады. Естеріңізге салсақ, бұған дейін Альварестің қанынан кленбутерол препаратының ізі табылған болатын. «Golden boy» промоутерлік компаниясы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында Сауль Альварес жанкүйерлерден кешірім сұрады. «Бәрі өкінішті. Алдағы мега жекпе-жектің өтпеуіне байланысты мен өзімді ыңғайсыз сезініп отырмын. Барлық мәселені ашық айтқым келеді. Осындай келеңсіз оқиғаның орын алғаны мені қиын жағдайға қалдырды. Ең өкініштісі – жанкүйерлердің менің адалдығыма күмәнмен қарай бастауы. Десе де Альварес ешқашан дәрі-дәрмек қолданбаған, адал спортшы екенін мәлімдеймін. Осы сәттен бастап өте сақ боламын. Енді мұндай күлкілі ситуация қайталанбайды. HBO телеарнасынан, жеке демеушілерімнен, журналистер қауымынан, әсіресе кәсіпқой бокс фанаттарынан екі есе кешірім сұраймын. Боксты құрметтеймін, адал боксшымын», – деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ боксшы алдағы уақытта Головкинге қарсы екінші кездесу өткізуге әзір екенін айтып өтті. Сауль Альварес ісіне қатысты шешім ресми түрде 18 сәуірде қабылданады. Мамандар жаза жеңіл болуы үшін Альварес мерзімінен бұрын жекпе-жектен бас тартып, кешірім сұрап отырғанын алға тартуда. Кәсіпқой бокстың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың сөзіне сенсек, Альвареске кем дегенде 6 айға спорттан шеттету жөнінде жаза қолданылатын көрінеді. Жаһан күткен шайқас өтпесе де, Геннадий Головкин 5 мамыр күні Лас Вегастағы әйгілі «MGM GRAND» аренасында шаршы алаңға шығады. Орта салмақта WBA (super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарын қорғайтын Геннадий Головкиннің қарсыласы кім болатыны әзірге беймәлім.
Табиғат Абаилдаев