Ата-баба аманатына адалдық
Ата-баба аманатына адалдық
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында игі істер қолға алынып жатқаны мәлім.
Сарысулық белгілі кәсіпкер Дәулеталды Жанбаевтың демеушілігімен бірнеше жыл қатарынан республикалық ақындар айтысы өтіп жүр. Оған елімізге танымал айтыскерлер қатысып, жыр аламанының бәсін арттыруда. Жақында елге сыйлы азамат Дәулеталды Жанбаев туған жері, өскен ауылы жайында «Қарасу – атамекенім» атты кітап жазып, оқырман назарына ұсынды. Қазір Қарасу ауылында ел жоқ. Ертеректе ғұмыр кешкен ата-бабалар зираты ғана жатыр. Олардың ішінде Ерназар батыр мен хан Жамбылдың зираты да бар. Аталған кітап «Асылдар арнасы» және «Бабалар жалғасы» деген екі бөлімнен тұрады. Автор «Асылдар арнасы» бөлімінде Есей би, Бақай батыр, Ерназар әулие, Қарақұл датқа, Шоқай датқа, Бөлтірік шешен жөнінде терең толғанып, Тәуке хан, Төле би, Қабанбай батырлар туралы тебірене жазады. Автор жинағында Ерназар Назарымбетұлының әулиелігі жайында кеңінен ой қозғаған. Кітаптың екінші бөлімінде көршілес Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданының қадірлі ақсақалдары Елубай Сералиев, Күсейбек Наурызбеков, Жамбыл журналистикасының сардары, облыстың Құрметті азаматы Баттал Жаңабаев, Талас ауданының Құрметті азаматы Көшербек Жұманқұлов секілді қариялардың ой-толғамдары да берілген. Сондай-ақ Д.Жанбаев туып-өскен ауылының өткенінен, ата-ана тағылымынан сыр шертіп, атамекенге деген перзенттік махаббатын көрсетеді. Кітаптың алғысөзін жазған жазушы-драматург Болат Бекжанов: «Автордың ата-бабасы туып-өскен «Қарасу» колхозының қашан, қалай құрылғаны, сол өңірдегі Қамбарсай, Үсіктас, Қазата, Қос соқыр, Қарақұл сайы, Есей қорығы, Қоңыратбай, Науша асулары секілді жер атауларының қалай пайда болғаны туралы бұл кітапта деректер көп. «Қарасу – атамекенім» кітабы – автордың ата-баба аманатына адалдығының белгісі» деп толғанады. Осы құнды мәліметтерге толы кітаптың тұсаукесер рәсімі Жаңатас қаласында өтті. Жиында Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев сөз сөйлеп, кітаптың мазмұны терең, Елбасының бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда көпшілікке тағылымы мол еңбек екеніне тоқталып, авторды алғашқы туындысының жарыққа шығуымен құттықтады. Бұдан кейін аудан әкімі Балабек Жанбекұлы, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Пернебайұлы, жазушылар Пернебай Дүйсенбин, Болат Бекжанов жаңа кітаптың тұсауын кесті. Рәсімде Пернебай Дүйсенбин кітап қолға тиісімен оқып шыққанын, бұл еңбекте жоңғар шапқыншылығы, Қоқан қыспағы кезеңіндегі халқымыздың жағдайы, ұлт батырларының ерлігі шынайы суреттеліп жазылғанын айтып, ерекше құнды дүние деп бағалады. Мұнан соң сөз алған республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Оралхан Дәуіт, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық, республикалық жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Хамит Есаман жаңа кітап жайында өз ойларын ортаға салып, сәтті шыққан сапалы кітап екенін сөз етті.
Есет ДОСАЛЫ