Жарық жайы жіті назарда
Жарық жайы жіті назарда
Облыстық «Aq jol» газетінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №29 (18523) санында «Шағын шаһардағы жарық жыры» атты мақала жарық көрген болатын. Онда тілші аудан орталығындағы электр қуатын тарату жүйесіндегі ретсіздік пен олқылықтардың жайын көтерген еді.
Шу қаласы электр қуатын көп тұтынатын қалалардың бірі болып саналады. Шағын шаһардағы электр желілерінің тозығы жеткен. Оның үстіне қала үлкейіп, жеке тұрғын үйлер соғылып, электр қуатының тапшылығы сезіле бастады. 2014 жылы «Жайсаң» мөлтек ауданынан 35/10 кВт қосалқы станса құрылысы жүргізілген. Мердігер нысанды тиісті мерзімде аяқтамағаны үшін Жамбыл облысы ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап-арыз берілген. Сот мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде танып, 50,8 млн. теңге өсімпұл салды. Алайда 2014-2015 жылдардағы қаржылық өзгерістерге байланысты КРУМ-35 қондырғысының бағасы қымбаттауы себебінен қондырғы бүгінгі күнге дейін толық жеткізілмеген. Қазіргі кезде Жамбыл облысы мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі құрылыс жұмыстарын толық аяқтамағаны үшін тергеу жұмыстарын жүргізуде. Биыл Шу қаласы Жанқұлиев тұрғын үй массивінен жаңа 35/10 кВт қосалқы стансаның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Қосалқы станса құрылысы үшін 15 соттық жер бөлініп, жоба әзірлеуге аудандық бюджеттен 15000,0 мың теңге қаржы қарастырылды. Осы құрылыс жұмысы іске асырылса, Шу қаласының электр энергиясына деген сұранысы мен жарықтың жиі сөніп қалатын мәселесі шешілетін болады. Сондай-ақ Шу қаласының барлық электр желілері, бағаналары мен қосалқы стансаларына қайта жаңғырту, яғни жаңалау жұмыстарын инвесторлар тарту арқылы жүргізуді «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС жоспарлап отыр. Жалпы Шу қаласының электр қуатын тарату жүйесі аудан әкімдігінің бақылауына алынады.
Н. ЖАҚСЫБАЕВ, Шу ауданы әкімінің орынбасары