Өлке тарихы - ұрпаққа өнеге
Өлке тарихы - ұрпаққа өнеге
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов тарихшы, әдебиетші ғалымдармен пікірлесті
Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар көне қала. Сол себепті шаһардың жаңа сәулеттік келбетін қалыптастыру жұмыстарында оның ғасырлар қойнауындағы тарихын көзден таса қалдыруға болмайды. Дәл осы мақсатта облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметов жергілікті тарихшы, әдебиетші ғалымдармен кездесіп, олардың өлке тарихын зерттеуге қатысты ұсыныстарын тыңдады.
Өз кезегінде тарихшылар аймақтың өткенін ғылыми тұрғыдан зерделеуге байланысты ойларын білдірді. Мәселен, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің тарихшы ғалымдары облыс орталығында көне Талас жазуына арналған ескерткіш қою туралы бастама көтерді. Осы орайда облыс әкімі салалық басқарма басшысына Қырғыз Республикасының Талас облысында тұрған ескерткіштің түпнұсқасынан көшірме алу бағытында жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ жергілікті тарихшылар Хантау, Жамбыл және Қаратау бөктеріндегі қола дәуіріне жататын петроглифтерді зерттеуге ниет танытып отыр. Ал тарихшылардың келесі бір тобы тарихи орындарға экспедиция жасап, өлке тарихын тереңнен зерделеу бастамасын көтерді. Мұнан бөлек басқосу барысында «Көне Тараз» тарихи археологиялық кешенін ежелгі Тараздың орталығы етіп қалыптастыру, тарихшы ғалымдардың басын біріктіретін ғылыми орталық ашу туралы мәселелер ой сүзгісінен өткізіліп, облыстың 80 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарының жайы да сөз болды. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Асқар Исабекұлы ғалымдардың барлық ұсыныстарының ескерусіз қалмайтындығын айтып, «Көне Тараз» тарихи археологиялық кешенін жетілдіру мақсатында арнайы жұмыс тобының құрылатындығын атап өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі