Білім

Критериалды бағалаудың тиімді тұсы көп

Критериалды бағалаудың тиімді тұсы көп

Жаңа талаптар деңгейінде білім беру ісінің сапасын жоғарылату – бүгінгі күннің талабы. Оқу процесіне критериалды бағалау жүйесінің енгізілуі – осы бағытта қолға алынған негізгі шаралардың бірі. Мектепте оқыту сапасын жоғарылату, түлектердің білімділігін халықаралық стандартқа сәйкестендіруді көздейтін жаңа жүйенің жолдары №46 орта мектепте өткен «Білім мазмұнын жаңарту аясында тарих пәндерінде оқушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау» тақырыбындағы қалалық тәжірибелік семинарда талқыланды. Семинарда критериалды бағалау жөніндегі мектеп үйлестірушісі Сәуле Шохаманова білім ошағындағы жаңа білім беру мазмұны бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның пікірінше, қолға алынған істердің тиянақты жалғасын тауып жатқаны және оның нәтижелілігі осы жүйенің жемісі екен. Оны педагогтер мен ата-аналар жақсы қабылдаған көрінеді. Мұғалімдер Назерке Саурықова мен Мөлдір Өтепова өздерінің коучинг сабақтарында қалыптастырушы бағалаудың мақсаты мен оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін тілге тиек етті. Жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер мен мазмұны туралы жан-жақты қаузалды. Сонымен қатар семинар аясында ықшам сабақтар мен тренингтер ұйымдастырылып, қызықты тапсырмалар орындалды. Шараның ұйымдастырушысы Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскері Әсел Халымбетова семинарды қорытындылап, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын жеткізді.

Мақұлбек Малдарбеков