Мәдениет

Ұлт өнерін ұлықтап, дәстүрлі әндерді дәріптеген

Ұлт өнерін ұлықтап, дәстүрлі әндерді дәріптеген

Қаратау сарыны Тараз аспанында қалықтады

«Нағыз өнер халықты қашанда ізгілікке, ынтымаққа, достық пен бірлікке үндейді. Ұлттың рухани болмысын, дәстүрі мен салтын дамытатын да ең алдымен осы қасиетті өнеріміз. Сондықтан, кең ауқымда өтіп жатқан бұл шара қазақтың дәстүрлі музыкасын әлемге паш етіп, рухани өрісімізді кеңейтуге, өңіріміздің дамып, кемелдене түсуіне ықпал етері сөзсіз. Биылғы фестиваль баршамызды шеберлік шыңына бастайтын тағы бір маңызды кезең болып отыр», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев орталық «Достық» алаңына халық әндерін қосыла шырқау үшін жиналған жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде.

17 16 15 14Ұлт өнерін ұлықтап, дәстүрлі әндерді дәріптеген «Қаратау сарыны» атты халықаралық фестивальдің мән-маңызын осы сөз жан-жақты айқындап берді десек, артық айтқандық емес. Расында, ән-күй мерекесінде тілі басқа болса да, тілегі мен тілеуі бір көпшіліктің ізгі ниеті бір арнада тоғысқандай болды. Екі күнге созылған думанды шарада түркі дүниесіне ортақ құндылық – ән мен жырдан шашу шашылып, күйлер шертілді. Бастысы, ауыздан-ауызға көшіп, атадан балаға жеткен небір сырлы әуен халықпен қайта қауыштырылды.

Бұл фестиваль Жамбыл жерінде осымен екінші мәрте өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн. Былтыр алғаш Астана қаласының 15 жылдығына тарту ретінде ұйымдастырылса, облысымыздың 75 жылдығына арналған іс-шаралар аясында тағы да жалғасын тауыпты. Түрік, қырғыз, қарақалпақ, өзбек тілінде шырқалған әндерге, Батыс Қазақстан, Арқа және Жетісу дәстүрлі ән мектептерінің түлектерінің өнерлеріне қарап ата-баба мұрасының ұмыт болмағанына, өміршең екеніне көз жеткізді жұрт. Фестивальдің ауқымы да кеңейе түскендей. Алғашқы күні күй бәсекесі, екінші күні ән мен жыр жарысы болды. Халық қазынасын дәріптеген шара аясында дәстүрлі ән өнерінің еркесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісованың «Сәуле – сарын» атты антологиялық CD жинағының таныстырылымы өтті. Негізінен, бұл туындыларды қазақ дәстүрлі әндерінің энциклопедиясы деуге де болады. Өйткені, оның алғашқы үш дискісіне С. Жанпейісованың репертуарындағы халық әндері топтастырылған. Соңғысына ғана әншінің өз шығармалары енгізіліпті. «Туған жерге келгенімде бойыма ерекше қуат бітіп, шабыт алғандаймын. Таразға келгелі бірнеше жаңа әндер жаздым», – дейді автор. Бұл шара да қалыптан тыс жағдайда өткенін айта кету керек. Тіпті, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен келген қонақтар өзара ән жарысына түсіп, авторға ерекше тарту жасады. Жиналғандарды өзара түсіністікке шақырып, рухани табыстырған құндылық – ән екендігі айтпаса да түсінікті. Ал «Баласағұн» орталық концерт залында өткен галаконцертте көпшілік нағыз халық өнерінің қайнарынан сусындағандай болды. Қырғыздар өздерінің «елдік ырларын ырдап», әйгілі «Манасты» толғаса, қарақалпақстандық жыршы Жәнібек Пиязов түркі дүниесіне ортақ – «Алпамыс батыр» дастанынан үзінді жатқа айтты. Түркиялық туыстарымыз ансамбльге қосылып, түрік әндерін төгілте орындады. Жалпы, фестиваль туралы қатысушылардың пікірлері де жақсы. Самат Қарабалаев, Алматы қаласынан келген «Керулен» этно-фольклорлық тобының мүшесі: – Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Осы шараны көру арқылы жастардың халық музыкасына деген оң көзқарасы қалыптасты десем, қателеспеймін. Сондықтан фестиваль өзінің көздеген мақсатына жетті деп есептеуге болады. Таразда төрт жыл бұрын біздің өнер ұжымы жеке концерт берген. Сол кездегімен салыстырғанда тыңдарманның таным-түсінігі көп өзгерген. Қала да гүлденіпті. Нұржамал Табылдиева, Қырғызстан Республикасының Ел артисі: – Галаконцертте елдік ырымыз – «Қызыл гүлді» орындадым. Бұл фестиваль Жамбыл облысының 75 жылдығына тұспа-тұс келген екен. Үлкен салтанатпен өтті. Шараны ұйымдастыруға халықаралық «ТURKSOY» түркі мәдениетін және өнерін дамыту қоры да өз үлестерін қосты. Бұл – қуантарлық жағдай. Түркітілдес елдердің өнерін тамашалап, халықтық ән-күйлерін тыңдадық. Күшті күйші, ыршылар келген екен. Маған облыстық филармонияның оркестрі әбден ұнады. Қазақ әншілерінің үні зор, таланттарына тәнті болдық. Біз елге барғаннан кейін тиісті басшылықтарға осындай халықаралық фестиваль өткізу туралы ұсыныс айтсақ па деген ойда кетіп барамыз. Сәулежан Тағзияұлы, Қытай халық республикасының әншісі: – Мен фестивальге шақырту алғаныма қуанамын. Жақында Атырауда Илья Жақановтың әндерін орындаудан халықаралық байқау өтті. Сол додада екінші орын алдым. Сәуле апай сол конкурста қазылар құрамында болған-ды. Таразда халықаралық фестивальдің өтетінін сол жерде естідім. Ән айтуға құмармын. Бірақ, Қытайда қазақ жеріндегідей дәстүрлі және халық әндерін үйрететін мектептер жоқ. Біз халық музыкасын радиодан тыңдап, үйренеміз. Ұстазымыз – «Қазақ» радиосы. Сәуле Жанпейісованың есімі маған бала кезімнен таныс. Оның орындауындағы әндерді дискіден тыңдап, интернеттен қарап машықтандым. Өнерімді шыңдау үшін елге келсем деп жүрмін. Таразда бірінші рет болуым. Кеше тарихи орындарын аралап көріп, тамашаладық, маған ұнады, Тараз – таза қала екен. Халықаралық фестиваль орталық «Достық» алаңында өткен шарамен түйінделді. Алаңға жиналған мыңға жуық адам он халық әнін бірге қосыла шырқап, шетелдерден келген меймандардың өнерлерін тамашалады. Қара барқын көк жүзін нұрландырған түрлі-түсті отшашулар ән-күй мерекесіне ерекше реңк бергендей болды. Келер жылы тағы да қауышқанша, «Қаратау сарыны»!

Ардақ Үсейінова,  «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.