Қызы да, келіні де «Күміс алқалы»
Қызы да, келіні де «Күміс алқалы»
Атадан дарыған қасиет, анадан алған тәлім – көтерген отаудың беріктігіне себеп болса керек. Әр шаңырақтың бақыты өнегелі тәрбиеге, отбасы мүшелерінің жауапкершілікті сезінуіне байланысты дер едік. Осындай отбасылардың қатарына құмжоталық Құттымбетовтерді қосуға болады.
Біз бақыттың бесігінде тербелген шаңыраққа жеткенше асықтық. Әулеттің тірегі – білім беру ісінің үздігі, марқұм Әлсейіт Құттымбетұлы 20 жылға жуық осы ауылдағы Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры болған екен. Әлекеңмен Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетін қатар бітірген Шахарбану Құттымбетова да саналы өмірінің 38 жылын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнапты. Осындай ата-анадан үлгі алған ұрпақ ел аузына ілігуі де заңдылық. Шахарбану әже жолдасының ұлағатты педагог болғанын, бүгінгі таңда оның жолын Серік Қойлыбаев, Қанатбек Байтілен секілді шәкірттері жалғастырып жүргенін айтты. Бұл күнде 70 жастың белесіне жеткен Шахарбану әже баласы Ерлан мен келіні Айжанның қолында тұрады екен. Ерланы – кәсіпкер, келіні – мектепте мұғалім. Екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Немерелері де Әлсейіт атасының, Шахарбану әжесінің, анасының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдапты. Тұңғышы – Ақбота Тараз педагогикалық университеттің дефектология, екінші перзенті Әділет Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің есептеу техникасы мамандықтары бойынша білім алуда. Мектепте оқитын Нұрдәулет, Нұрсейіт, Нұрсұлтанның да армандары Алатаудай асқақ. Бір-біріне қарап, тетелес өсіп келе жатқан тәрбиелі балалар. Бір қызығы, Әлсейіт атаның қызы Бақыткүл де «Күміс алқалы» ана екен. Жолдасы Райымбек екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. – Ата-әжемізден бір ұл, бір қыз тараған ғой. Қазір мен де, келінім де «Күміс алқалы» ана атанып отырмыз. Әрине, құдайдың берген перзенттері ғой. Әр бала өз нәсібімен туады емес пе? Перзенттерімізге жақсы өнеге көрсетіп, Отанның патриоты етіп тәрбиелесек дейміз. Отбасы институтын нығайтуға Елбасының қолдауымен жыл сайын ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» байқауының қосар үлесі көп. Бүгінгі таңда отбасы құрмай жатып, ажырасып кететін жастарды да көріп жүрміз. Ондайға жүрегіміз ауырады. Әр отбасының бүтіндігі – мемлекеттің байлығы, – дейді 6 баланың анасы, ұстаз Айжан Жантелиева.
Е. Жаңабайұлы
Байзақ ауданы