Әлеумет

Тоғызкентте балабақша ашылды

Тоғызкентте балабақша ашылды

Еліміздің қала, ауылдарында балабақшалардың көптеп ашылып жатқаны «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының жемісі екені анық. Осы мақсатта ауданымызда жыл сайын дерлік жаңа балабақшалар ашылып, бүлдіршіндердің игілігіне берілуде.

Бұрнағы күні аудан орталығынан шалғайда жатқан Тоғызкент ауылдық округінде жақсы бір іс көрініс тапты. Ғылым докторы, профессор, академик, Алматы технологиялық университетінің ректоры Құралбек Сәдібайұлы Құлажанов осыдан бірнеше жыл бұрын «Сәдібай» мешітін ашып, халықтың ыстық ықыласына бөленген болатын. Ал, бұл жолы Құралбек ағамыз тоғызкенттік бүлдіршіндерге балабақша ғимаратын сыйға тартуды жөн көріпті. Осыған орай ұйымдастырылған басқосуға академик Қ. Құлажанов, аудан әкімі Қ. Мәдібек, Жуалы ауданының әкімі Б. Құлекеев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж. Бекбатырова, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры М. Төлепберген, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ш. Тайменов қатысып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Алғаш сөз алған Қ. Құлажанов балабақшаның құжаттарын аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы І. Баймағанбетовке табыстады. Аудан әкімі Қ. Мәдібек: – Ауданда бүгінгі таңда 8 балабақшада 1265 бала, 12 шағын орталықта 375 бала тәрбиеленуде. Аудан бойынша 875 бүлдіршін балабақша кезегінде тұрады. Оның ішінде Тоғызкент ауылында да балабақша қажеттігі бар. Бұл ауылда 0-5 жас аралығында 230 бала бар. Түгіскен орта мектебі жанында 50 орындық шағын орталық жұмыс істейді. Ол ауыл тұрғындарының балабақшаға сұранысын жаба алмайды. Құралбек ағамыздың бірнеше жыл бос тұрған ғимаратты жөндеп, 100 орындық балабақша ашу жөніндегі атқарған жұмысы көпті қуантады. Бұл «Балапан» бағдарламасының жүзеге асуына қомақты үлес қосып отырған және ауыл бүлдіршіндері үшін үлкен сый болып тұр. Туған ауылына атбасын тіреп, ауылының гүлденуіне атсалысып жүрген атпал азамат ағамызға алғысымыз шексіз, – деп, бүлдіршіндерге сый-сияпат жасады.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.