Құқық

Қауіпті әлеуметтік құбылыс

Қауіпті әлеуметтік құбылыс

Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік індет. Ол мемлекеттік құрылымды іштей бұзып, ел дамуына кедергі келтіреді. Азаматтардың прогрессивті бастамаларын жоққа шығарады. Дегенмен көпшілік осы қоғам дертіне қарсы күресте немқұрайлылық танытады. Жемқорлыққа тосқауыл қойып, оған жол бермеу үшін бәріміз жұмылған жұдырықтай бір болуымыз керек.

Бұл – әлемде белең алған қауіпті әлеуметтік құбылыс. Оған қарсы түбегейлі күрес жүргізбейінше, тамырын тереңге жіберіп, жайыла түседі. Осыған байланысты билік мемлекеттік органдарда қатаң ішкі құрылымдық бақылау жүргізуде. Бұл – өте орынды бастама. Жалпы сыбайластыққа қарсы жағдай жасайтын шарттарды анықтап, оны шектеу мен төмендету бойынша нақты шараларды қолдану қажет. Негізі әлемдік тәжірибені зерттеудің біз үшін маңызы зор. Елімізде жемқорлықпен күрес заңнамалық актілерімен реттеледі. Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық негізінде туындайтын қауіптен сақтауға, мемлекеттік органдар мен функцияларды атқаратын лауазымды және басқа да тұлғалардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Жемқорлықты жою – еліміздің фундаменталды құндылығы – тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі. Бұған мемлекеттік органдар баса көңіл бөліп отыр. Елімізде жемқорлықпен күресте нақты қадамдар қолға алынуда. Барлық деңгейдегі депутаттардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың, бизнес қауымдастықтардың, жастар ұйымдарының, ғылыми орта мен БАҚ өкілдерінен қоғамдық кеңестер құрылған. Бүгінде осы кеңестер жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға септігін тигізуде.

Кәмшат РАХЫШЕВА, облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы