Әлеумет

Ана мен баланы әлеуметтік қолдау

Ана мен баланы әлеуметтік қолдау

еліміздің демографиялық өсімін қамтамасыз ету үшін қажет

Қай кезеңде де елдің дамуы ең алдымен отбасының жағдайы мен оған деген мемлекеттің көзқарасы бойынша бағаланып келді. Әлі де солай. Өйткені Отан отбасынан басталады. Отбасы мемлекеттің де тірегі болып саналады. Отбасы бақуатты болса, мемлекет те әлеуетті.

Бір атап өтерлік жай, тәуелсіздік жылдарында елімізде экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты жоғары өмір сүру қалыптары мен әлеуметтік мемлекет құру бағыты басымдыққа ие болумен келеді. Бұл ұстаным балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауда да көрініс тауып отыр. Еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында қарастырылған еңбек ресурстарының, бала туу көрсеткіштерінің өсуіне ықпал ету, жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесу, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру бағыттары да ең алдымен отбасы бақуаттылығын көтеруді көздейді. Осыған байланысты 2020 жылға дейін еліміздегі халық санын 10 пайызға арттыру жөніндегі алға қойылған мақсатқа жету үшін туу көрсеткішін одан әрі арттырып, көші-қон үдерісінің оң құбылысын қамтамасыз етуіміз қажет-ақ. Айтар әңгімеміздің арқау-тіні де осы. Бүгінде еліміздегі демографиялық үдерістерді басқару жүйесі тууды арттыру және балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін барлық жағдайды жасауда. Атап айтқанда, 2003 жылдан бастап халықаралық тәжірибеде кең тараған республика қазынасынан табысына байланыссыз бала тууына бір реттік жәрдемақылар, сондай-ақ 2006 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш деңгейі мөлшеріне байланысты 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы беру енгізілген. Жұмыс істейтін әйелдер болса, бала туған күнге дейінгі соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар төлеу үшін ескерілген орташа айлық табыстың 40 пайыз мөлшерінде «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-нан әлеуметтік төлем ала алады. Мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналар, қамқоршылар да жалақының ең төменгі мөлшерінде (2010 жылдан бастап енгізілді) жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, Елбасының халыққа Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізу туралы тапсырма берілгені белгілі. Екі және одан да көп бала туған жағдайда бала тууына берілетін бір реттік жәрдемақы және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақылар әр балаға жеке тағайындалады. Мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерлері тиісті кезеңге республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін айлық есептік көрсеткішке және жалақының төменгі мөлшеріне байланысты болатыны белгілі. Осыған орай тағайындалған және тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын артып отырады. Сондай-ақ зейнетақы жинақтарының деңгейін арттыру мақсатында және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуында үзіліс болмауы үшін демалыста болған кезінде жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын мемлекет қаржысы есебінен қосымша субсидиялау да қарастырылған. Әйел-аналарға деген қамқорлық мұнымен де шектелмейді. Осы орайда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер жасы бойынша 53 жасында зейнеткерлікке шыға алатынын да атап өткеніміз жөн. Бұл шара аналардың жағдайын жақсартып, көп балалы отбасылар санының артуын ынталандыратыны анық. Жалпы, «Алтын алқа» жетінші сәби бір жасқа толған кезде және алты баласы аман-сау болған жағдайда, ал «Күміс алқа» алты баласы бар аналарға берілетіні екінің біріне мәлім болса керек-ті. Ал олар қандай жеңілдіктер алуға құқылы? Біздіңше, бұл жағы да олқы емес. Мысалы, «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар тұрғын үймен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға отбасы мүшелерімен бірге тұрғын үй шығындарын төлеу үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалатын, бүгінгі күні жәрдемақының бұл түрі «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына енгізіліп, жәрдемақы төленуде. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» төлемдер мен аударымдар бар болған жағдайда МӘМС жүйесінде азаматтардың медициналық көмекті алуға құқығы бар. Ал бұл төлемдерді аудармай-ақ көмек ала алатын тұлғалар қатарында аналарымыздың жоғарыда аталған санаттары да бар. Олар жер, мүлік және көлік салықтарынан да босатылады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне жүректің ишемиялық аурулары, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жетіспеушілігі (дилатациялыкардиомиопатия), асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы, остеоартроз аурулары анықталған жағдайда дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Ал олар осы жеңілдіктерді түгелдей тиімді пайдаланып отыр ма? Мәселе осында. Бұл тұрғыда еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне хабарласып білгеніміздей, баланың тууына және күтіміне байланысты аталған мекеме тарапынан 2017 жылы 26502 іс бойынша жәрдемақы тағайындалып, төленген екен. Ең бір атап өтерлік жай, Ұлттық экономика министрлігінің жуырдағы мәліметіне қарағанда, ел тұрғындарының табиғи өсімі 2017 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 2,5 мың адамға өскен. Сонымен ел тұрғындарының саны 2018 жылдың 1 ақпанында 18 177,7 мың адамды құраған. АХАЖ органдарының азаматтық хал-актілерін тіркеу мәліметтерін сараптаудың нәтижесінде үстіміздегі жылдың қаңтар айында туылғандар саны 33,3 мың сәбиді құраған, бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда, 4,4 пайызға артық. Туушылықтың жалпы коэффициенті әр 1000 адамға шаққанда, 21,42 сәбиден келеді. Ал облысымыз бойынша 2017 жылы 24538 нәресте дүниеге келіпті. Оның ішінде үшемдер саны – 5. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 наурызына дейін 4661 нәресте дүниеге келгені тіркеліп отыр. Жетістік пе? Жетістік. Бүгінде дамыған елдер отбасындағы бала санын екеуден (қыз бен ұл) асырмайды. Бұл қазақ діліне кереғарлау. Өйткені «Көп бала көгергенімізге жақсы», «Бір бала туса, несібесін ала туады» деген ізгі ниетті ұстанған елміз. Осы орайда елімізде бала туу көрсеткіші бойынша Атырау облысы әйел-аналарының соңғы бірер жыл бойына көш бастаумен келе жатқаны өзгелерге жұғысты болса ғой! Түйіп айтқанда, ана мен баланы әлеуметтік қолдау – отбасын нығайтуда мемлекеттің алдында тұрған басымдыққа ие міндеттердің бірі. Отбасы институтын, адамгершілікті, рухани игіліктерді нығайтуда, отбасы құндылықтарына құрметті арттыру мен өскелең ұрпақ тәрбиелеуде мұның мәні де, маңызы да айрықша елеулі.

Баймаханбет АХМЕТ