Әлеумет

Қаламын қару еткен

Қаламын қару еткен

Ардагер журналист Сағат Арынұлы туралы баспасөз күні қарсаңындағы ой

«Тарих – өмір ұстазы» дейді. Бірақ биліктің тіл алғыш жағымпаз зерттеушілерінің ынта-жігерімен ол өзінің мән-мағынасынан және әлеуметтік функциясынан алшақтап, теріс сана-сезім қалыптастыратын құралға айналып кетуі әбден мүмкін. Олай болса, тек ресми ақпарды ғана шындық деп қабылдауың қажет сияқты. Мұндай тірлік бұрын болған, қазір де бар. Айталық, майдан хикаятын, оның ішінде қандастарымыздың, ел басына күн туған сын сағатта басын бәйгеге тігіп, қан майданда бастан кешкен тауқыметі, өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні бар ғибратты істері әділеттілік, адамгершілік тұрғысынан баяндалып жүр ме? Оны кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жарқырата көрсете алдық па? Нақты деректерге назар аударып көрейік. 1943 жылы А. Наумов басқарған танкі Сталинград түбіндегі шайқаста батырлық көрсетіп, экипаж (бес адам) қаза табады. Бәрі (марқұм) Совет Одағының Батыры атағына ұсынылады. Қанды көйлек жолдастар жоғары мәртебеге ие болады. Ф. Ганустан басқасы. Совет азаматы, әріптестері сияқты ол да танк ішінде от-жалынға оранды, бәрімен бірге шейіт болды, соған қарамастан ұлты неміс болғандықтан жоғарғы жақта тізімнен өшіріліп тасталған. Бұл оқиғаны он жыл зерттеп, талай қарсылықты табандылықпен бастан кешірген соғыс ардагері П. Дунаев «Ганустың ісін» Кремльге дейін жеткізеді. Сөйтіп, сержант Феодосий Ганустың (марқұм) ерлігіне жарты ғасыр өткен соң КСРО тарап кеткеннен кейін ғана тиісті баға беріліп, Ресей президенті Б. Ельциннің жарлығымен 1996 жылы Ресей Федерациясының Батыры атанады. Совет заманында ұшқыш Николай Гастеллоның «ерлігі» талай жырға арқау болды. Сөйтсек, батырға тән мінез көрсетіп, жауға қарсы айбат көрсеткен ол емес, Александр Маслов (оның қарамағында Бақтыораз Бейсекбаев бауырымыз да болған) көрінеді. Сол сияқты Александр Матросов деген Батыр орыс емес, башқұрт болып шықты. Ал шын мәнінде жау дзотын бұзып-жарып, амбразураны денесімен жапқан – Мұхамедиянов Шакирян (Мұхамедзиянов Шәкіржан болуы да мүмкін). Демек, үлкен совет энциклопедиясында (15-т.) А. Матросовқа берілген анықтама түгелдей ойдан шығарылған. Ойлап қарасақ, «Шындық жоқ жерде сұмдық көп» деген осы шығар. Оған қысқаша қалай жауап берер едіңіз деп дағдарып та қаласың. Оқырман шығарманы оқи отырып, иә, «осылай да болады ма екен» деген сан қилы ойға қалады. Елімізге көптен белгілі қаламгер Сағат Арынұлының шығармаларымен танысқан кезде осындай жағдайға тап болуыңыз әбден мүмкін. Сәкең ағамыз ұлттық баспасөзіміздің құрметті ардагері, оның өсіп, өркен жаюына елеулі үлес қосып жүрген қазақ журналистерінің бірі. Ол сан алуан тақырыптарды кеңінен қозғай отырып, ең бастысы, біліп айтады, зерделеп жазады. Ақсақалдың сөз еткен шығармаларының тілі жатық, оқиғасы нанымды, ойы айқын, мазмұны көкейге қонымдылығымен, шыншылдығымен өзіне тартады, толғандырады, қызықтырады. Тілге тиек болар мәселесін әбден сараптайды, қорытады, айтайын деген ой-пікірін шашыратпайды, тиянақтап тұжырымдайды. Ағамыздың туындыларының өмірге деген көзқарасының негізгі өзегі: «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген дана пікірмен ұштасып жатқандығы айқын сезіліп тұрады. Шығармаларының тақырыбы сан алуан, ауқымды. Олар: «Ыбырайым Сүлейменов – қазақтың хас батыры», «Байғозы батыр», «Көкшетаудан түлеп ұшқан қыран еді», «Аруақты алалаған зиянды кітап» («Елтұтқа» кітабындағы кемшіліктер туралы), «Ата-баба зәузатымыз кім?» деген және басқалары. Бұларды зейін сала мұқият оқып шықтық. Көрнекті мемлекет қайраткері, соғыс ардагері Сұлтан Жиенбаев «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында 1942 жылдың басында Алматыда құрылған №100-жеке қазақ атқыштар бригадасын майдан шебіне Жамбыл Жабаев ақ батамен ақжолтай тілеп шығарып салғандығын айта келіп, Невель қаласы үшін болған қанды шайқаста Жамбыл облысы, Сарысу ауданының түлегі Ыбырайым Сүлейменов құралайды көзге атқан мергендігінің арқасында 239 фашистің көзін жойды дейді. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов «в частях Красной армии с восхищением говорили о снайпере Ибрагиме Сулейменове, истребившем 239 гитлеровцев» деп бұл деректі қолдайды. («Казахстанская правда», 7.05.2008). Армияның Әскери кеңесі старшина Ыбырайым Сүлейменовті соғыста көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы Совет Одағының Батырлығына ұсынады. Бірақ Калинин майданының Әскери кеңесі оны қолдамайды. КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас кадрлар басқармасы берген дерек бойынша сарбаз «Ленин», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сайыпқыран сарбаздың қан майдандағы жанқиярлық іс-әрекетін зерттеп жүрген Сағат ағамыз оның Невель қаласын жаудан азат ету жолында кескілескен ұрыстарда қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге 32 жасында ерлікпен қаза тапқанын баяндай келе оның мергендік кітапшасында «281 фашистің көзін жойған» деп жазылғанын атап өтеді. – Бұл цифр қайдан алынған? Бұрыннан мәлім 239-ға Невель қаласы түбінде өлтірілген 42 фашисті қосыңыз. Сонда жоғарыда көрсетілгендей нәтиже береді, яғни немістің атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған болып шығады. Бірақ көрсеткіш әлі толық емес сияқты, – деп жазады қарт журналист. Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов қаһарман бауырымыздың қанды көйлек, қарулас жолдасы екен. Сөз болып отырған очеркте автор Әзекеңнің пікірін де келтірген. – Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов, – дейді ол, – 239 фашисті жойған кездің өзінде-ақ Кеңес Одағының Батыры болуға лайық еді. Бірақ сәті түспеді. Ал 300-ден асқан жауды жайпап, ерлікпен қаза тапқаннан кейін де оған батыр атағы берілмеді. Ұсынылып, әлдекімдердің қазақтардан батырларды көбейте беріп қайтеміз деген арам ниетімен өтпей қалды ма, білмеймін... Бар білетінім, Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен Ыбырайым Сүлейменовтің батыр атағына ілінбей қалғаны. Ержүрек сұрмергеннің жоғары марапатқа ие болмағанына қалай өкінбессің?! Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы майдандағы жанкештілік қимыл-әрекеті ескеріліп, ең жоғары атаққа ұсынылып еді. Содан бері 70 жыл өтті. Тәуелсіз ел болдық. Кеш болса да кезінде жіберген олқылықты түзететін кез келді. «Ердің ерлігін білмеген, Құдайдың бірлігін білмейді» деген осы. Ал облыстың бұрынғы, соңғы басшылары ондаған жыл сөзбұйдаға салып, ел қорғаны болған қаһарман азаматқа ескерткіш қою тек қана соны дәріптеу емес, сол сияқты бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор ықпал жасайтыны қаперге алынбаған. Мұндай сорақылыққа рушылдық деген кесапаттың салқыны тигенін де айту қажет. Ардагер қаламгер республикалық «Айқын» және «Президент және халық» газеттері арқылы ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов мырзадан арнайы хат жолдап бұл мәселеге араласып, әділетті шешім қабылдануына пәрменді ықпал жасауды өтінген. Үкімет басшысының айтқанын орындауға облыстың жаңа басшылары біліктілік танытар деген үміттеміз. Совет заманында орыс ғалымдары жазған тарихта қазақ халқының ұзақ жылдардағы тәуелсіздік, азаттық жолындағы күресі, еліміздің хандары, батырларына қатысты ақиқаттар бұрмаланды немесе айтылмады. Мәселен, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста қайтпас қайсарлық көрсеткен бабаларымыздың қайталанбас ерлігімен көпшілік енді-енді таныса бастады. Сондағы өр тұлғаның бірі – Байғозы батыр. Ол жоңғарлармен арада болған Қарасире, Ыстықкөл, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы төңірегіндегі шайқастарға қатысқан. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Абылайхан заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлардың ішінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібекпен бірге Тарақты Байғозыны да атауы тегін емес. Сағат Арынұлы ағамыз қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға сіңірген аса зор еңбегіне байланысты Байғозы батырдың атын мәңгі есте қалдырудың нақты шараларын ұсынады және оның мемлекет тарапынан шұғыл жүзеге асырылуы қажет деп санайды. Бұл қолдарлық, құптарлық ұсыныс. «Көкшеден түлеп ұшқан қыран еді» деген көркем очеркі де сәтті жазылған. Бұл өмір бойы ізгілікті мұрат еткен ел ағасы Есмағамбет Ақылбаев туралы деректі хикая. Есағаның өмірі, еңбек жолы, өнегелі істері, туған халқына деген қалтқысыз қызметі жас ұрпаққа әрқашанда үлгі, ғибрат болары сөзсіз. «Ата-баба зәузатымыз кім?» деген зерттеу мақаланың танымдық маңызы ерекше. Бүгін біз ата-бабаларымызды іздеп, шыққан тегімізді жаңа айқындап жатырмыз. Жалпы мұны білуіміз керек (бірақ рушылдыққа ұрынбағанымыз жөн) емес пе. Өйткені бұрын ол мәселеге коммунистік партия шошына қарады, назар аудартпады, зерттетпеді. Ру, тайпа тарихы – ел тарихы. Мәселен, Сағат ағамыздың Орта жүз туралы зерттеулерін жұрттың бәрі біле ме? Күмәнім бар. Ол тарихи деректерге сүйене отырып, Қарақожаның ұрпағын таратады: бәйбішесінен Нұржан деген қыз, екінші әйелінен Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, үшінші әйелінен Керей, Уақ туады. Кейін кенжесі әрі қара шаңырақтың иесі өмірге келеді. Қарақожадай әулиенің бәйбішесінен тараған ұрпақ өздерінің үлгілі іс-әрекетімен танылып, бүкіл Орта жүздің Ноқта ағасы атанған. Тарақтының асқан батырлығы, оны қазақ қоғамында алатын орны туралы кезінде ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев, танымал жазушылар Ілияс Есенберлин, Медеу Сәрсеке жазған. Ал, Шоқан Уәлиханов Арғындар өзін Қарақожадан таратады дей келіп, ол «был посланником от Токтамыша к Темірлану» дейді. Демек, Қарақожа бабамыз Алтын Орданың бірлігін, тұтастығын сақтау жолындағы күреске белсене қатысқан мемлекет қайраткері. Ол Тоқтамыс ханның Ақсақ Темірге сеніп жұмсаған елшісі, яғни сарай маңындағы ақылгөй адамдардың бірі, әрі жауынгер серігі деп қорытады ойын журналист Арынұлы. Журналист ағамыздың «Елтұтқа» кітабындағы өрескел қателіктер туралы «Аруақтарды алалаған зиянды кітап» деген сын мақаласы да жұрттың назарын ерекше аударып, елең еткізді. Сағат Арынұлының тілге тиек болған осы сын мақаласын сөз еткенде кескілескен ұрысқа Қарасай батырмен екі жүз мәрте кіріскен Ағынтай батырды қасақана кемсіту, қазақ жерін Өзбекстан мен кеңестік Ресейге беруге үзілді-кесілді қарсы шығып, сол үшін биік лауазымды қызметінен қуылған Жұмабек Тәшенов, өткен ғасырдың небір алмағайып кезеңінде ел басқарған үш қазақтың бірі, Алаштың ардагер ұлы Жұмабай Шаяхметов туралы және автордың басқа да ой-толғамдары назар аударарлық екенін атап көрсеткен жөн. Қазақ жұртының кеңінен танымал қаламгері, қоғам қайраткері Сағат Арынұлы тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын нығайтуға қалам қажырын аямай жұмсап, туған жерін, өскен елін дәріптеп, Алаш рухын асқақтатуға елеулі үлес қосып келеді. Ол өзінің арман-мақсаты, ішкі сыры туралы былай дейді: – Келемін сөзін сөйлеп әділеттің, Сойылын соққан емен айла-еттің, Көнбедім күлбілтеге, көлгірлікке, Маңыма жақсылықтың дәнін септім. Қажымай қиындыққа қарсы тұрып, Жаныма тәуекелді медеу еттім. Елім десем ет жүрегім егіледі. Демегендей өзі бір Құдіреттің Ту етіп Тәуелсіздік нұрлы жолын, Толғадым сол себептен жырын көптің. «Қайран елім, қазағым!», «Жыл толды Ақселеуді жоқтағалы», «Сыр-дастан», «Сендерге сөз арнадым, жақсыларым», «Мұхтар Мағауин ініме хат» деген ақынның өлең-жырлары бұл пікірді айғақтай түседі. Елі десе ет жүрегі елжіреген, қадірлі қаламгер Сағат Арынұлы ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен берекелі шат тұрмыс, шығармашылық табыс тілейміз.

Амантай КӘКЕН, журналист.

Астана.