Саясат

«Қызыл сызықты» көзге ілмегендер «қара тізімге» енеді

«Қызыл сызықты» көзге ілмегендер «қара тізімге» енеді

Облыс аумағында құрылыс жұмыстары жыл санап қарқын алуда. Әсіресе тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар көптеп бой көтеруде. Бұл орайда, олардың тиісті талаптарға сай салыну керектігі айтпаса да түсінікті. Өз кезегінде бұл жұмыстардың барысы жергілікті биліктің жіті назарында болғаны жөн. Осы мәселелер облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен құрылыс нормалары бұзылып жүргізілген заңсыз нысандар, лицензия беру тәртібін реттейтін заңнамаға талдау жасау, саладағы жұмыстарды жетілдіру, қала кадастры және геопорталды цифрландыру мәселесіне арналған жиынның күн тәртібіне шығарылды.

Бүгінде облыс орталығында «қызыл сызықты» көзге ілмеген 103 нысан анықталған. Оның көбінің құрылысы тоқтатылған. Тіпті бой көтерген ғимараттарды қайта бұзу фактісі де бар. Аймақ басшысы аталған мәселенің орын алуының басты себебі құрылыс нысанына жер бөлуге жауапты мекеменің өз жұмысына атүсті қарауынан екенін айтты. Өйткені тиісті жер телімін пайдалануға бере отырып, ондағы ғимараттың қала келбетіне тигізер әсерін зерделеуге келгенде облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы міндетін толық орындамай келеді. Салдарынан кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қыруар шығынға батуда. Өз кезегінде салалық басқарма басшысы өзі жетекшілік ететін құрылым жұмысындағы шикілікті кадр тапшылығымен байланыстыруға тырысып бақты. Алайда облыс әкімі жұмысты жетілдіруде кадр тапшылығынан бұрын оны ұйымдастыра білуге айрықша мән беру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар тұрғын үйлердің бірінші қабатын коммерциялық мақсатта қолданысқа беру тәжірибесін әлі де жан-жақты талдау қажеттігін айтты. Сәйкесінше, аталған орындарды кәдесіне жаратқан кәсіпкерлерді тұрғын үйдің сыртқы келбетін жақсартуға міндеттеу жайы қажеттігі сөз болды. Мұнан бөлек, өңір басшысы жауапты тұлғалардың назарын қаладағы аялдамаларды бір типті ету, сыртқы жарнаманы орналастыру, коммерциялық нысандарды мақсатты пайдалану жайына аударды. Бүгінде құрылыс жүргізетін компаниялардың барлық талаптарға сай болуы аса маңызды. Бұл ретте өңірдегі ірі құрылыс нысандарына қызмет көрсететін компанияларға лицензия беру мәселесі өте өзекті. Бұған дейін «бармақ басты, көз қыстымен» үлестіріліп келген лицензия беру талабы енді күшейе түспек. Мәселен, облыс аумағында 100 өндірістік базаны 180 кәсіпкер жалға алып, пайдаланып отыр. Лицензия берудің тәртібіне сай құрылыс компанияларының өз жері және техникалық базасы болуы шарт. Алайда оның көбі қағаз жүзінде ғана талаптың үдесінен шығады. Шындығында, бір компанияның техникасын екінші құрылыс компаниясы өз меншігі ретінде көрсетуде. Лицензия берудегі осы түйткілдер құрылыс сапасына кері әсерін тигізері анық. Өңір басшысы өнеркәсіптік нысандарды жалға алушылардың ортақ базасын жасақтап, оны әрбір құрылыс компаниясының әлеуеті туралы толыққанды ақпаратпен толықтыру қажеттігін атап өтті. Керек болса, тиісті талаптарға сай келмейтін коммерциялық ұйымдардың лицензиясын қайтарып алу бағытындағы шаралар да қолға алынбақ. Мәселен, өткен жылы лицензия беру ісіндегі тиісті заңнамаға сай 7 компанияның лицензиясы қайтарылған. Ал қазіргі таңда облыстағы құрылыс саласында қызмет көрсетуге құзыретті 1 500 коммерциялық құрылым бар. Алдағы уақытта оларға лицензия беру тәртібі қайта қаралып, олардың тиісті талаптардың үдесінен шығу мүмкіндігі толығымен зерделенбек. Жиын соңында облыс әкімі салалық басқарма басшыларына лицензия беру тәртібін жетілдіру бойынша ереже дайындауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі