Дертпен күрес диагностикадан басталады
Дертпен күрес диагностикадан басталады
Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек», – деп нақты бағдар беріп, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алдына бірқатар міндеттер қойып отыр.
Елбасы атап өткендей, тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшудің маңызы зор. Себебі бұл қадам медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі. Ал енді Жолдауда атап көрсетілген бірнеше міндет іс жүзінде қалай көрініс тауып жатқанына келсек, облысымызда жыл сайын саламатты өмір салтын қалыптастыруға арналған 18 мыңға жуық профилактикалық шаралар өткізіледі. Соның ішінде кең көлемдісі – «Денсаулық жолы» акциясы. Дәрігерлік көмекті қолжетімді ете түсетін осы шара барысында барлық аудан тұрғындарына медициналық тексеруден тегін өтуге мүмкіндік беріледі. Елбасы басымдық беріп отырған тағы бір басымдық – созылмалы ауруларды алыстан диагностика жасау ісі. Біздің өңірімізде созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы енгізілген. Осы арқылы жедел жәрдем шақыртуды және стационарлық жағдайда емделу санын төмендетуге қол жеткіздік. Сондай-ақ қатерлі ісіктен болатын өлімді төмендету мақсатында скринингтік тексерулер жүргізілуде. Былтыр скринингтік тексеруге 99378 адам қамтылды. Бұл 100 пайызды құрайды. Биылғы алға қойған жоспарымыз бұдан да жоғары. Диагностиканы дамытудың нәтижесінде аурушаңдық көрсеткішінің деңгейі тұрақтанып, емдеу шаралары қатерлі дерттің сатысына қарай жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста 6663 (2016 жылы – 6260 адам) науқас онкодиспансерде есепте тұрды. Тұрғындарға облыс орталығында 135 төсектік облыстық онкология диспансері және емханалар құрамындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық кабинет қажетті медициналық қызмет көрсетуде. Айта кететін жағдай, былтыр қаңтардан бастап Қант зауыты аумағында (бұрынғы онкодиспансер ғимаратында) 30 төсектік хоспис ашылды. Бұл жалпы ауыр жағдайдағы науқастардың өмір сүруін уақытша жақсартуға арналған. Жылдың бас құжатында да онкологиялық аурулармен күрес үшін кешенді жоспар қабылдап, ауруды ерте диагностикалаудың маңызы туралы айтылғаны мәлім. Облысымызда биыл салынайын деп жатқан 200 төсектік онкологиялық диспансердің құрылысына 277,7 миллион теңге бөлініп отыр. Жобаның сметалық құны 13 987,0 миллион теңгені құрайды. Осындай нақты шараларды жүргізудің арқасында өңірде қатерлі ісіктерден болатын өлім 2016 жылмен салыстырғанда 100 мың адамға шаққанда 2,1 пайызға төмендеген. Тиісінше ракты I-II сатысында анықтау 4 пайызға артып, науқастардың өмірін 5 жылға дейін ұлғайту көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 пайызға өсіп, оң динамика байқалуда. Биыл өңірдің медициналық ұйымдарында құжаттар электронды форматқа толығымен ауыстырылып, электронды денсаулық паспорты құрылады. Сонымен қатар тұрғындардың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары аясында облыс әкімдігінің қаулысымен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларында іске асыру және түсіндіру жөніндегі штаб құрылды. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде де біршама жұмыстар атқарылды. Аталған бағдарлама бойынша 36 нысаналы индикатор айқындалып, былтыр облысқа 118 жас маман шақыртылып, жұмысқа орналастырылды. Өткен жылы медициналық ұйымдарды жабдықтауға 2,7 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде бұл көрсеткіш 74 пайызға жетті. Сондай-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымының жедел көмек қызметіне 181,5 миллион теңгеге 23 автокөлік алынды. Ана мен бала денсаулығын қорғау – қашанда басты назарда. Өткен жылы облыстық балалар ауруханасында балаларға нейрохирургиялық көмекті нығайту мақсатында керекті құрал-жабдықтар алынып, нейрохирургия бөлімшесінде 285 ота жасалып, 900 науқас емделді. Оның 15 пайызы – басқа қаладан келіп емделушілер. Жалпы, былтыр көрсетілген жоғары технологиялық оталардың саны 148-ден 494-ке дейін артып, 3 есе өсті. Атап айтсақ, ортопед-дәрігерлер алғашқылардың бірі болып ауруханада сколиоз (18 ота), кеуде тұсы деформациясы (24 ота) «хрустальды балалар» (4 ота) және сал ауруына ота жасау әдістерін енгізді. Ана мен балаға дер кезінде медициналық жәрдем көрсетуде облыстық санитарлық авиация бөлімшесінің қосқан үлесі зор. Былтыр мұндай көмекке 1068 шақырту түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 221-ге аз. Себебі 2016 жылдың 1 наурызынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға консультативтік тасымалдау қызметі облыстық балалар ауруханасына берілді. Қазақстандықтардың ел экономикасының өсуімен қатар, денсаулық сақтау жүйесінің нығаюын, ал медициналық қызметтердің мейлінше қолжетімді әрі сапалы болуын қалайтыны рас. Оған жету үшін медицина қызметкерлері көптеген нақты істер мен міндеттерді атқаруы тиіс.
Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы