Бос жатқан жер игеріледі
Бос жатқан жер игеріледі
Облыстың жер қорын тиімді пайдалану арқылы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін еселеп арттырудың мүмкіндігі мол. Сондықтан бос жатқан жерлерді қайта айналымға қосуды мықтап қолға алған жөн. Бұл үшін ең алдымен жерлерді пайдалану мониторингін түзу, оның санатын анықтау ісіне жаңаша көзқарас қажет.Облыстық әкімдікте өткен жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов салалық басқарма басшыларының назарын аталмыш мәселеге аударып, жерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу жайына тоқталды.
Жалпы жер көлемі 14 миллион гектарға жуықтайтын облысымызда жер пайдалану ісінде шешімін күткен мәселелер жетерлік. Тиісті мемлекеттік мекемелермен жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде аудандарда бірқатар кемшіліктер анықталған болатын. Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданында жер пайдаланудың нысаналы мақсаты негізсіз өзгертілген. Сондай-ақ жергілікті билік тарапынан жер учаскелерін жекеменшікке беру, шаруа қожалықтары иелігіндегі жерлердің үлесін бөлу кезінде біраз олқылықтар орын алған. Байзақ ауданында жерді өз бетінше иелену фактісі тіркелсе, Меркі ауданында жердің санаты негізсіз өзгертілген. Осы сынды түрлі түйткілдермен тереңірек танысқан облыс әкімі Асқар Исабекұлы мәселені шешуде жер пайдалануды реттейтін арнайы ереже қабылдауды ұсынды. Сол ережеге сәйкес, алдағы уақытта ауыл, аудан әкімдері жерді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстардың есебін беретін болады. Одан бөлек, жиында жердің нысаналы мақсатын өзгерткендерді жазалау шараларын қатайтып, мәселені жан-жақты зерделеу үшін арнайы жұмысшы топ құру жайы да айтылды. Жердің санатын бағалау бағытында атқарылатын жұмыстарды бір арнаға түсіру қажет. Аудандарда жер заңнамасын үйрету мақсатында көшпелі семинарлар ұйымдастыру да жоспарда бар. Басқосу барысында, сонымен қатар бос жатқан жерлерді қайта айналымға тарту мәселесі де сөз болды. Облыс аумағында жалпы көлемі 24883 гектар жерді қайта айналымға енгізу жоспарлануда. Ол 3 жыл ішінде жүзеге асып, өңірдегі бос жатқан жерлер толығымен игеріледі деп күтілуде. Бұл үшін құзырлы басқарма басшылары жердің құнарлылығын және санатын анықтап, жер көлемін ұлғайтуға ниетті шаруа қожалықтарымен де жұмысты жолға қоюлары қажет.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі