«Керуен сарайлары» мен шығыс моншасы салынады
«Керуен сарайлары» мен шығыс моншасы салынады
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен және қаланың келбетін жетілдіру мүмкіндіктерімен танысты.Әуелі Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта орналасқан «Сосновый бор» кешенінде болған өңір басшысы нысан иелеріне оны жаңғырту жобасын әзірлеуді тапсырды. Аталған жобаға сай мұнда фитоорталық ашып, нысанды «Балқарағай» деп атау ұсынылды. Кешен иелері көзге қораш көрінетін аумақтың қоршауларын мейлінше азайтып, тротуарлардың жаңа эскизін дайындау жұмыстарын қолға алады.
Сонымен бірге облыс әкімі «Тәжібай» базары аумағында болып, қаланы көгалдандыру, көгеріштендіру мақсатында ондағы 23 сотық жерді мемлекет меншігіне қайтару мүмкіндігін қарауды міндеттеді. Таяу арада мұнда белең алған жабайы саудаға тосқауыл қойылып, керуен сарай типіндегі қонақ үйлер мен орта ғасырлық үлгіде салынған шығыс моншасы бой көтереді. Келесі сәтте Ж.Жабаев атындағы «Руханият» орталығына барған өңір басшысы орталықты ақынның музейі етіп жасақтауды жүктеді. Ал «Руханият» орталығына жаңадан жеке ғимарат салу жоспарлануда. Сапар кезінде Ы.Сүлейменов көшесі бойындағы саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің кескін-келбетін өзгертуге қатысты да ұсыныстар айтылып, оның аумағын көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарын жетілдіре түсу жайында сөз болды. Асқар Исабекұлы №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаңа типте салынып жатқан ғимараттарымен танысып, болашақта бұл үлгіні өңірде салынатын өзге де спорт нысандарында қолдану қажеттігіне назар аударды. Металды құрылымның көмегімен тез арада тұрғызылатын ғимараттардың құны да арзан. Дегенмен олардың сыртқы және ішкі кескін-келбеттерін жетілдіре түсу жайы әлі де жан-жақты нақтылауды қажет етеді. Тараз қаласының өндірістік аймағында орналасқан «Азмина Мрамор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысқан әкім кәсіпорын өнімін қала аумағындағы құрылыс нысандарында пайдалану керектігін айтты. Серіктестік гүлзарлар мен субұрқақтарға арналған мәрмәр плиталардың түрлі формасын дайындауға тапсырыс қабылдауға әзір. Қаланы аралау барысында облыс басшысына шаһардың «Хромзона» аумағында бой көтерген жаңа ғимарат таныстырылды. Бұл нысан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің иелегіне берілмек. Сапар кезінде орталық көшелердегі сауда-саттық орындарының бейберекет құрылысына шектеу қою, иесіз ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстарды тыңғылықты атқару мәселелері жан-жақты сөз болды.
Суретті түсірген Алтынбек Қартабай