«Адамдардың тасбақа құсап жүргенін көргім келмейді...»
«Адамдардың тасбақа құсап жүргенін көргім келмейді...»
Тоқсаныншы жылдардың соңын ала Шерхан Мұртаза мен Әкім Таразидың АҚШ-қа жолы түседі. Содан Нью-Йорктің көкке ұмсынған зәулім ғимараттарының бірі – Эмпайр-Стейт-Билдингтің ұшар басына шығады. Сол биіктен төмен қараған Әкім төмендегі адамдардың жүрісін тырбаңдаған тасбақаларға ұқсатып, бұл «қызықты» Шерхан да көрсін деген оймен:
– Шераға, мына қызықты қараңыз, жоғарыдан қарағанда жердегі адамдар тасбақалардан айнымай қалады екен, – деп қасына шақырыпты. Төмен қарау үшін Эмпайр-Стейт-Билдингтей тәкәппардың биігіндегі алаңның шетіне жақындау керек. Мұндай тәуекелді көңілі хош көрмеген және АҚШ штаттарындағы бірімен бірі таласқан биік ғимараттарыңнан да асқақ Тәңіртауды ғана мойындайтын Шерағаң: – Әй, Әкім, көрсең өзің көре бер, мен адамдардың тасбақа сияқты тырбаңдап жүргенін көргім келмейді, мен адамдардың кеудесін керіп, тік жүргенін көргім келеді, – деп, алаңқай жақтауына жақындай қоймапты...
Азамат ТАЛАСИ.
Суретте: Жазушы Әкім Таразидың елге келген сәті.