Жуалыда жұмыс жанданып келеді
Жуалыда жұмыс жанданып келеді
Жуалыдағы жұмыстар жылдан-жылға жанданып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері көңіл тоғайтарлық деңгейге өсіп келеді. Мәселен, өнеркәсіп саласында өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер 2016 жылы 5331,6 миллион теңге болса, өткен жылы 6349,4 миллион теңгені құраған. Бұл – бір ғана мысал. Аудан экономикасының барлық салаларында салыстырмалы түрде жоғарыдағыдай өсім мен оң нәтижелер бар. Оны өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов мәлімдеді.
Бақтияр Бейсенбайұлының айтуынша, өткен жылы аграрлық өндіріс секторында түбегейлі құрылымдық өзгерту жұмыстары жүргізілген екен. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында қосалқы және шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп, тиісті инфрақұрылымы бар өндіріс орындарында өнімдерді қайта өңдеуді арттырған жуалылықтар ауыл-аймақтардың өндіріске бейімділігін еселей түскен. Айталық, есептік мерзімде ауданда 14 кооператив құрылса, оның 4-еуі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы «50 ауыл» концепциясын жүзеге асыру аясында сүт бағытында, 6-ауы ет бағытында құрылып, тағы 4 кооператив өз жұмысын бастаған. Аудан басшысы әлеуметтік мәселелердің де рет-ретімен шешімін тауып келе жатқанын тілге тиек етті. – Өткен жылы Көлтоған, Күреңбел, Қарасаз, Шақпақата, Қошқарата ауылдарына ауызсу тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары 39 607,0 мың теңгеге жасалып, сараптамаға ұсынылды. Қазіргі таңда жерасты су қорларын зерттеу нәтижесінің оң қортындысын алған 15 елді мекен бар. Сондай-ақ осы жылы Ертай, Рысбек батыр, Т.Дүйсебай ауылдарын ауызсу жүйесімен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат жасатуға бастапқы деректі құжаттар жинақталуда. «Көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстарына келетін болсақ, 15 елді мекенге құны 2500 миллион теңгені құрайтын табиғи газ құрылысының құжаттары сараптамадан өтуде, - деді Бақтияр Көпбосынов. Баяндамашы былтырғы аудан бюджеті 8 821 447,9 мың теңгені құрап, 100 пайызға игерілгенін жеткізді. Өткен жылы салықтан жергілікті бюджетке 1 230 291,0 мың теңге қаржы құйылып, жоспар 102,1 пайызға орындалыпты. Сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Бақтияр Бейсенбайұлы ағымдағы жылы ауданның тоқсан жылдық мерейтойы аталып өтілетінін, оған қатысты шаралар қазірден бастау алғанын айтып, тілшілердің өзге де сұрақтарына жауап берді.
Жанғазы Ахмет