Бұқаралық спорттың беталысы
Бұқаралық спорттың беталысы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығында бекітілген тұжырымдамаларды жүзеге асыру арқылы 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар қатарын 30 пайызға жеткізу – басты мақсатымыз.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін шаһар халқы арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жүйелі түрде спортпен шұғылдануға азаматтарды тарту мақсатында 2017 жылы 216 спорттық іс-шара өткізіліп, 48045 адам тартылды. Оның ішінде Тараз қаласы әкімдігі тарапынан 87 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 21266 адам қатысты. Түрлі деңгейдегі спартакиадалар, жеңіл атлетикалық жүгірістер, саябақтар мен скверлер маңындағы және өзге шаралар тұрақты түрде өткізілді. Аталған бұқаралық спорттық шараларға қаладағы барлық жастағы тұрғындардың қатысуы қамтылған болатын. Қала әкімі Рүстем Дәулеттің шаһар жұрты алдындағы есеп беру жиыны кезінде спорт алаңшаларын салу жөнінде ұсыныстар айтылған еді. Осы орайда биыл Тараз қаласында тағы 8 спорт алаңшаларын салу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Атап айтқанда, 3 «Street Workоut» және 5 әмбебап спорт алаңшаларын салу жоспарлануда. Сонымен қатар «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында бірқатар жерлестеріміз қала тұрғындарының игілігі үшін өз қаражаттары есебінен спорт алаңшаларын салып беруге ниет білдіруде. Олардың бірі – «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров болса, екіншісі – қалалық мәслихат депутаты Жұмабек Бөлекбаев бүгінде спорт алаңшаларының құрылыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда Тараз қаласында жүйелі түрде спортпен шұғылданушы азаматтар саны 103202 адамды құрады. Бұл көрсеткіш Тараз тұрғындарының 28,8 пайызын құрап отыр. Биыл шаһар жұртшылығы арасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдық мерекесін атап өту мақсатында бұқаралық спорттық шараларды көптеп өткізу арқылы жүйелі түрде спортпен шұғылданушы азаматтар санын 29,2 пайызға жеткізу көзделуде.
Кенжебек ОЛЖАБАЙ, Тараз қаласы әкімінің орынбасары