Әлеумет

«Үшінші сектордың» жаңа мүмкіндіктері

«Үшінші сектордың» жаңа мүмкіндіктері

Қазақстанда жыл сайын азаматтық қоғам институттарының дамуына қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесудің тетіктері мен осы саладағы заңнама жыл сайын жетілуде. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өздерінен де ашықтық пен айқындық талап етіледі. Нәтижесінде, «үшінші сектор» тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да өсу деңгейін көрсетуде.

Бүгінде еліміздің үкіметтік емес ұйымдары халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысуда және дамуда жаңа серпін алды. Соңғы жылдары олардың қызметін мемлекеттік қолдау мен ынталандырудың жаңа формалары пайда болды. Бұл – гранттар мен сыйлықақылар. Біздің өңірде үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға және дамытуға, оларды қоғамдық шараларға тартуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Жыл сайын қоғамдық бірлестіктер арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік мәні бар жобаларды қаржыландыру көлемі артып келеді. Былтыр бұл мақсатқа 588,7 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 718,6 миллион теңгені құрады. Өткен жылы мемлекеттік тапсырысқа тек 10 облыстық басқарма мен 29 аудандық, қалалық бөлімдер енген, ағымдағы жылы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері 7 бірлікке өсті. Жыл сайын арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша жобалар саны артуда. 2016 жылы – 25, 2017 жылы – 37, 2018 жылы 43 жоба жүзеге асты. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы тарапынан ұзақ мерзімді жобалар жүзеге асырылуда. Өңірдегі ҮЕҰ мен билік органдарының өнімді өзара әрекеттесуінің жаңа жолдары мен механизмдерін табу үшін ведомстволар басшыларының, аудандар мен қала әкімдерінің салалық өкілдерімен кездесулер кестесі жасалды. Мұндай басқосулар халыққа қатысты мәселелерді дауысқа салуға және оларды шешу жолдарын бірлесіп жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан өткен жылы «Әлеуметтік салада өзекті мәселелерді анықтау және зерттеу бойынша орталықтың жұмысын ұйымдастыру» жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, облыс тұрғындарының өзекті мәселелері базасы құрылды. Бұл тәжірибе түрлі салалардың проблемалық мәселелеріне тереңірек қарауға және оларды шешуге соның ішінде әлеуметтік жобаларды іске асыру жолдарын табуға септеседі. Қазіргі таңда ҮЕҰ дерекқорына мәліметті тапсыру жұмысы жүргізілуде. ҮЕҰ ұсыныстары бойынша биыл мәліметті ұсынудың ережесі жеңілдетілген. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдар infonpo.kz порталына өзінің жеке кабинеті арқылы кіріп, мәліметті енгізе алады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан электрондық сандық қолтаңба алып, 31 наурызға дейін өз мәліметін ұсыну қажет. Биылдан бастап, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, дерекқорда болмаған қоғамдық ұйымдар сатып алу конкурстарына жіберілмейді, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң жобасына сәйкес, ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақылар мен гранттарды да дерекқорда болмаған ҮЕҰ иелене алмайды.

Мақпал ДОСЫМБЕКОВА, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы саяси партиялармен және ҮЕҰ жұмыс бөлімінің басшысы