Абадан

78

/Микропоэма/

Ең әуелгі заманда көкбөрілердің
мекені – Аспандағы Ай болыпты.
/Өз аңызымнан үзінді /

Түндерін тауға, таңдарын тасқа,
Түнетіп жүрді аңдарың рас па?
Көп перілердің – ойлары ортақ,
Көкбөрілердің – заңдары басқа.

Аспан мен Айда қалады зары,
Қоршаудың қасы, қаланың маңы.
Адам мен аңның арасын алған.
Қазақ пен бөрі – даланың заңы.

Қазақтың басын – «құл санақ» деді,
Жұртым-ай, менің, күн санап келді.
Алаштың ұлы – аруды сүйген:
Құлпынай ерін, құмсағат белді.

Аспанның асты – сол қызық сонар.
Жортуда жүріп, жол қысып солар,
Қазақы қасқыр арыстан емес,
Торларда жүріп, қол мысық болар.

Жүзіне жалын, өң кіріп, тегі
Өзекті жанып, өлтіріп кегі:
Апанын Айдан қазамын деді,
Ата көкжалдың бөлтіріктері.

Содан бергіде мұң иді ме екен?
Қайғы салынып, бір үйлі мекен.
Аспанға қарап, ақжал бөрілер,
Айды сағынып ұлиды екен.

Алаңсыз жүріп қуатын асық,
Атадан бала туатын асып.
Абадан болып Айдан құладым,
Қайратым қайнап, қуатым тасып.

Басқалар білді – екі елі мықты,
Қазақтың қасқыр екенін ұқты.
Жерге түскелі, жұрт болып кеттік.
Ай менен Аспан – мекенім құтты.

Тарихтан тартып, қайдан бұраппын?
Садақ асынып, сайман құрап түн.
Жыртқыш боп жерде жатырмын десем,
Абадан болып Айдан құлаппын.

8Данияр Әлімқұл.

Comments are closed.