Саябақтың сәні кетті
Саябақтың сәні кетті
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63520,63518,63517"]
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында жылдың төрт мезгілінде де кісі қарасы азаймайды. Мерекелік түрлі іс-шаралар көбіне осында өтеді. Отансүйгіштікке баулитын патриоттық жиындарда биік тұғырға қондырылған көк Туға қарап, сап түзеген жастарды көріп, көңіл шіркін шарықтап кететін. Алайда қаладағы демалыс мекенінің бүгінгі күйі көңіл көншітпейді. Бүгінде түрлі іс-шаралар өтетін қақпадағы баспалдақтардың ішкі-сыртқы плиталары бүлініп, саябақ алдындағы жаяу жүргіншілер жолы тозып, тілім-тілімі шыққан. Саябақтың алдындағы, Төле би даңғылы бойында орналасқан аялдаманың әйнек жақтауы қолды болды ма, әлде тентек жастар шағып кетті ме, үңірейіп тұрғанына біршама уақыт болды. Саябақтың бір шетінде концерттік бағдарламалар өтетін, кешқұрым кино қойылатын сахна бар. Оның экраны шимай-шатпақ жазу. Орындықтары опырылып кеткен. Осындағы жасанды шағын көлге балғындар жаз бойы шомылып, қыстай сырғанақ тебеді. Тіпті қармақ салып отыратын егде азаматтар да кездеседі. Бұл көлдің де суын тазалап, жаңартып жатқан ешкімді көрмейміз. Қайта айналасы баклашка мен бөтелкеге толып кеткен. Біздің айтпағымыз – көптің көкейіндегі сауал. Сәні қашқан саябақтың әрін кіргізіп, кем-кетігін түзейтін мекеме қызметкерлері қашан іске кірісер екен?
Амангелді ӘБІЛ
Тараз қаласы