Әдебиет

“Асықтырмашы мені”

“Асықтырмашы мені”

Жаңбыр басылды. Орын­дық­тардың ағаштары су. Үсті-басы малмандай қаңғыбас иттер көше кезіп жүр. Жарнамалардың бұрыштарынан бояу аққан. Қолшатырлар жиналды. Таза ауада серуендегісі келгендер аялдама шатыры астынан шықты. Жағасы арық, қарапайым көшеде жаяу жүргеншілер қаптады. Ауа теңіздей тұнық. Жастар аллеясына қарама-қарсы полиция учаскесі орналасқан. Онда істейтін аула сыпырушы шал ұқыпты. Келушілер көбіне төте жол апаратын үлкен талдың астындағы орындыққа жайғасады. Олар орындық айналасына түрлі қоқыстар тастайды. Полиция учаскесіне сол орындық жақын орналасқан. Учаске бастығы терезеден қарағанда көзі жеткен жердің бәрін таза ұстау аула сыпырушының жұмысы. Үлкен талдың астындағы орындық аула сыпырушының тиісті шекарасынан елу қадам арыда. Бастықтың көзі жеткендіктен ондағы біреулердің шашқан қоқысын сыпыру шалдың мойнында. Көнеді. Жасы алпыс бестен асқан. Көнбесе жұмыстан шығады. Сосын анандай жасыңмен жұмыс іздеп көр. Мазаққа қаласың. Өткен жолы. Бір топ тентектер орындыққа аяғымен шығып отырды. Қақырынды, түкірінді. Бос құтыны жәшікке жеткізбей лақтырды. Жөндерімен кетті. Терезеден бәрі көрінеді. Учаске бастығы соларды аңдып отырды. Шал тез барып сы­пыр­мады. Тапталған жерді сүртпеді, қақырынған жерге шелек­пен су төкпеді. Жайбасар шалға ашула­нып, майлы жерден теуіп жұмсады. – Тазалықты сүйесіз. Ол жақсы. Бірақ адамды асықтырасыз. Ол жаман. Қаусаған қайдағы біреуді тыңдаушы ма еді. – Өшір үніңді. Ақыңды өз қалтамнан төлеймін, – деді бастық. Расында орындықтың айналасын сыпырғаны үшін шал айлығынан бөлек тиын-тебен алады. Төлейтін бастық. Ертеде болған оқиға. Учаске бастығы ол кезде жас-тұғын. Аллеяға жиі келетін. Талай қыз­дың белінен құшақтап отырды орын­дықта. Мәселе басқада. Ол кезде тазалық қатты сақта­латын. Негізінде басекенің тәтті естеліктері анау тал­дың астына қарағанда есіне түсетін. Қандай естелік, ешкім білмейді. Қызметте өскен соң осы учаске­нің бастығы болуы үшін таласты. Өйткені, кабинет терезесінен тіке қарасаң көзге бірден тал көрінеді.

* * * Екеуі жай жүріп келді. Тоқтады. Қыздың денесі түршігіп, күн шуаққа барғысы келді. – Біздің жүргенімізге қанша уақыт болды? – Ту-у, қайта бастамашы. – Үйленгім келеді, ертерек. – Жайған қамырым үш бұрышты болады. Көп нәрсені үйренуім керек әлі. Сүт қатқан шайды да құя алмаймын. Асықтырмашы мені. – Үйренесің. Түк етпейді. – Саған айтуға оңай. Керек болса сен жақсы көретін тағамды әзірлей алмаймын. – Онда тұрған не бар? Екеуі үнсіз қалды. Сыпыртқы ұстаған шал мен терезенің ар жағындағының аңдып отырғанын қайдан білсін. – Өткенде құрбымның ұзату тойында болдым. Ательеден қымбатқа жалға көйлек алыпты. Бөлемнің де ұзату тойы болды. Ол да жалға көйлек алған. Мен ұзатылған тойдың болғанын қалаймын. Сәукеле мен бүрмелі көйлек кигенге не жетсін. Түсінші. Отбасымның мені ұзатуға шамасы жетпейді әзірге. Асықтырмашы мені. Қызға мұны айту оңайға соқпады. Жігіт қыздың иығынан қысып, қатты құшағына алды. Екеуі құлақтары үйкесіп орындықтан ұзады. Арттан «тоқтаңдар» деген дауыс жетті. Сыпыртқысын сүйретіп қуып жеткен шал. – Басекем тазалақты сақтаған­дарыңыз үшін рахмет айтты. Келесі келгендеріңізде анау талдың астында алаңсыз асықпай отыруларыңды өтінді. Екеуі ізет білдіріп рахмет айтты. «Басекең кім, өзің қайдансың» деп сұрамады. Танымайтын біреуде шаруалары жоқ еді. Шал айтқанды орындады. Бір апта өткен соң біреулер талдың астындағы орындықты ауыстырды. Айналасына әдемілеп тас қалады. Талдың діңгегін әктеді. Аула сыпырып жүрген шал қарап тұрды. Терезенің ар жағындағы естелігінің ордасын жөндетуге көп шығын жұмсамады.

Қанат ТІЛЕПБЕРГЕН.

Талас ауданы.