«Қылмыскер»
«Қылмыскер»
Кеше жұмыстан шықтым. Бухгалтермен есеп-қисаптастым. Ол бастық әлдебір құжаттарға қол қоюы керек, еңбек кітапшаңды ертең алып кет дегенді айтты. Үйге көңілсіз қайттым. Ешкіммен сөйлесуге зауқым тартпады. Кешкі асты ішпей жатып қалдым. Бүгін ұйқым қанғанша жаттым. Жұмыстан қалатын болған соң әйелім бірнеше рет оятты. Жұмыс жоқ. Аштықтан арам қататынымды ойлағаннан ба азанда ыстығым көтерілді. Ұйқылы ояу жатқанда әйелім қолтығыма градусник салғанын білемін. Көзімді бір ашқанда: «Масқара. Қызуың қатты. Жата бер. Жұмысыңа қоңырау шалып, бармайтыныңды ескертемін!» дегенін естідім. Телефон жаққа кеткені есімде. Жұмыстағылар не дегенін білмеймін. Әйелім де қайтып келмеді. Көзім ілініп кетіпті. Он бірден аса ояндым. Перде ысырылған. Жарыққа көзім шағылысып, алдағы күндерімді ойлап жаттым. Шәйнекті суға толтырып, газға қойып, астын жақтым. Үстелге дастархан жартылай жазылған. Тоңазытқыштың аузы ашық. Су ағатын шүмектің асты ыдыс-аяққа тола. Мұнысы несі? Душтан шықтым. Жынды адам сияқты басымды сүлгімен сүрткілеп, пәтерімнің бөлмелерін аралап жүрмін. Менен басқа тірі жан жоқ. Әйелім қайда? Жатын бөлмедегі шкафтың алқа-салқасы шыққан. Ішінде менің ғана киімдерім қалған секілді. Анау бұрышта жататын дәу сөмке көрінбейді. «Енді ол бізде жұмыс істемейді» дегенді естіп, қашып кетіпті, бейшара. Мені тастап кетті. Амалдың жоқтығынан тастап кетті. Үйде дені түзу жиһаз да жоқ. Түсінуге тырысам сені... Балконға жеткенше қарқылдап күлдім. Неге балконға шығуым керек? Енді темекіні диванда шалқайып жатып шексем де болады. Күл салғышты алып солай еттім. Әйелімнің рөлін сомдаған әртіс кетіп қалғаны былай тұрсын, қолқусырып қалғаным қатты ойландырды. Түске дейін ақпаратты қайдан тапсын. Телеарналар кешегі күннің қорытынды жаңалықтарын қайталап берді. Суырмада жатқан үйдің құжаттары сарт есіме түсті. Алып кетті білем. Үйсіз қалудан қорықпаймын. Ол құжаттар бар болғаны көшірме. Мен де ақымақ емеспін. Түп нұсқаны басқа жаққа жасырғанмын. Әйелімнің қандай екенін білмей жын ұрып па мені. Рас, бірге ақша жинап алдық үйді. Демек, ортақ. Заңды ажырассақ сатып, жарты ақшасын беремін. Еңбек кітапшамды алып қайту керек болған соң амалдың жоқтығынан үйден шықтым. Үстіме классика емес, еркін джинсы, футболка кидім. Шынымды айтсам кешелі бері жұмысты қайдан табамын дегеннен өзгені ойлай алмадым. Жолдың жағасындағы дүңгіршектен газет алдым. Қайда асығамын. Темекімді шегіп, аялдамаға қарай жүрдім. Аялдамада әркім әрқалай тұрып автобус күтеді. Қолым қалтамда. Кеудемді тік ұстап тұрмын. Бір келіншек мен жаққа қарай берді. Анау еркек әйелінің қолынан ұстап ажырамайды тегі. Кемпір келіп қатарымызға қосылды. «Тоқта» дегенді естігенде бәріміз сол жаққа жалт қарадық. Үй киімімен басын салбыратып бір келіншек жаяу келеді. Жаңағы дауыс иесі күйеуі сияқты, оны қуып жетті. Жеткен бойда иығынан жұлқып тартты. Келіншек те қарап тұрмады. Қолын қағып жіберді. Жараспай қалғандары анық. Біз қарап тұрмыз. «Бәрібір алдырамын» келіншектің осы сөзі анық естілді. Автобус келгенде мен жаққа қарай берген әдемі келіншек мінді. Жұмыс жаққа баратын автобус. Мініп кетсем болатын еді. Бос автобуста ана келіншектің қасына отыратын едім. Бірақ мына екеудің не істейтіні маған қызық. Аялдамадағылар көз алмай қарап тұрдық. Әдеттегі ерлі-зайыптының арасындағы көрініс. Сонда да қызық. Келіншегін жұдырығымен ұрды. Жұлқылап итерді. Анау жерге жығылды. Артына қарамай, үстін қағып бізге қарай жақындады. Ызалы. Жігіт те ашулы екенін таяп қалғанда білдік. «Көшедеміз, бөтен кісілер тұр-ау» деп ойламады. Үйлерінде жүргендей. Кеудесінен тоқпақтап итеріп жібергенде, жігіт өз салмағымен артындағы арыққа шалқасынан құлады. Тұмсығынан қан аққан келіншек соңғы сәтте жасын тия алмай тоқтаған таксиге мініп кетті. Көзі құтырған иттей шатынаған жігіт «қайда кетсең де баламды алдыртпаймын, туасың» дегенді айтып қалды. Сәлден соң аялдамада мен, қасында әйелі тұрған еркек және кемпір төртеуіміз қалдық. Жігітті «қанішер» деді екеуі. Ал жарыққа келмеген періштенің өмірін қиғысы келген, түсік жасамақ болған келіншекті «қылмыскер» деді кемпір. Жас отбасылардың қылығын өзара сөз қылып үшеуі қалды. Құдай сақтасын, оларға баға беретін мен емес. Автобусқа міндім. Жолда жұмыс іздеп, газеттегі жарнамаларды оқыдым. Ертерек жұмыс таппасам келесі аптада нан тұрмақ, темекі алып шегетін тиын қалмайды қалтамда.