Аймақ

Соңғы тәулікте облыста үш ірі өрт тіркелді

Соңғы тәулікте облыста үш ірі өрт тіркелді

Күннің көзі жылынып, жер құрғағаннан бастап өрттің жиілейтіні баршаға белгілі. Тұрғындар тарапынан алдын ала сақтық шаралары жасалмаса, тілсіз жаудың қайғылы оқиғаларға әкеліп соғуы да мүмкін. 

Сол бейқамдықтың себебінен болса керек, өткен бір тәулік ішінде облысымызда үш бірдей тұрмыстық өрт оқиғасы тіркелді. Қуанышқа қарай, зардап шеккендер жоқ. Десе де, жалын шарпыған жерде азды-көпті шығынның болатыны айқын.

Мәселен, кеше таңертең Меркі ауданы Ақермен ауылында жеке тұрғын үй ауласында жиналған 70 түк шөптің өртенуі орын алды. Өрт сағат екі сағатқа жуық уақытта оқшауланғанымен, араға тағы екі сағат салып қана өрт сөндірушілердің күшімен толық сөндірілген.

Сол секілді оқиға кеше түнгі уақытта Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында орын алды. Жеке тұрғын үй ауласында өртке оранған шөпханадағы жалын түн жарымында оқшауланып, 00:50-де ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ күшімен толық сөндірілді.

Ал, таңға жуық Тараз қаласы Қойгелді көшесінде монша от құшағында қалды. Өрт сағат 06:21-де оқшауланып, 06:37-де 31 өрт сөндіруші мен 7 техниканың күшімен ауыздықталған. Жарақат және қаза болғандар жоқ.

Әрине, адам арасынан шығын болмағанына қуанамыз. Десе де, бірнеше күн бұрын ғана Ресейдің Кемерово қаласындағы алапат өрттің де аяқ астынан орын алғанын ескерсек, сақтықтың қай уақытта да артық болмайтынына анық көзіміз жетеді.