Қатардағы қауымдастық пайда әкелмейді
Қатардағы қауымдастық пайда әкелмейді
Туризм – ел экономикасының бір табысты саласы. Одан түскен табыс 2014 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімнің 0,3 пайызын құраған екен. Ал 2020 жылы бұл көрсеткішті 3 пайызға жеткізу көзделуде. 2013 жылы ел Үкіметі тарапынан саланы дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілгені белгілі. Ол Астана, Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында бес бірдей туристік кластер құруды діттейді. Онда, сондай-ақ бұл мақсатқа 4 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарту және 2020 жылға қарай туризм индустриясында 250 мыңнан астам жұмыс орнын құру қарастырылған.
Осыған байланысты қауымдастығымыз өңірде 2007 жылдан бері жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Алғашқыда оның құрамына 8 мүше ғана енген болса, бүгінде олардың саны 30-дан асып жығылады. Осындай жетістікке жетуімізге ықпал еткен өңірлік кәсіпкерлер палатасы екенін бөле-жара атап өту ләзім. Қауымдастық өзінің мақсат-міндеттеріне сәйкес өткен жылы ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Әлбетте елімізде «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесінің өтуі жылдың басты оқиғасы болды. Қауымдастық мүшелері оның ұйымдастырылып өткізілуі, насихатталуы ісіне бастан-аяқ белсенді атсалысты. Осы ретте өңірімізде тарихи маңызға ие нысандардың өркениеттік талаптарға сәйкес үш тілде ақпараттық стенділері әзірленуіне бастамашы болдық. Олар қоғамдық көпшілік орындарда буклеттер түрінде таратылды, лед-экрандар мен билбордтарда орналастырылды. Бұл жұмыстар жақсы нәтиже берді. «BaiterekTravelCenter» ЖШС ЭКСПО көрмесін облысымыздан 28 000 турист барып аралап көруін ұйымдастырды. Соның арқасында 11 ресми туристік операторлар арасында 3-орынды иеленді. Сондай-ақ халықаралық көрмеге мыңнан астам жамбылдықтың қатысуын қамтамасыз еткен «Тараз-Профсоюз-Турист» фирмасының табысы да атап өтерліктей. Құрылымымыз облыстық жас өлкетанушылар, экологтар, натуралистер, «AncientTaraz-2017» форумдарын, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғыз республикалары қатысуымен «Қазіргі заманғы Жібек жолы» халықаралық туристік бағыттарын ұйымдастыруға, республикалық «Той қазан» фестивалі, кадрлық әлеуетті индустриялық дамыту бойынша семинарлар жұмыстарына атсалысты, түрлі деңгейдегі жиындарда облысымызда туризмнің даму бағдарларына байланысты мәселе қозғаумен келеді. Тұрғылықты жері бойынша аккредиттеуден өткен қауымдастығымыз облыс әкімдігінің білім беру, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармаларымен, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесімен, «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығымен өзара әріптестік туралы меморандумдар жасасқан. Осы орайда өңірлік кәсіпкерлік палатасымен және жергілікті басқару органдарымен бірлесе іс-әрекет ету жолымен «Ақыртас» кешені мен Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» демалыс-сауықтыру орындарына алып баратын жол салу мәселесі оң шешімін табуына ықпал еткенімізді атап өту ләзім. Осындай ауқымды істер тындырылғанына қарамастан, қауымдастық жұмысын үйлестіруге қолбайлау болып отырған жайлар да бар. Мәселен, біздің ұйымымыздың осы салада жұмыс жүргізе бастағанына он жылға жуық уақыт өтсе де, танымалдығы төмен. Бұқаралық ақпарат құралдарында да жеткілікті көлемде насихатталмауда. Сондай-ақ басқа облыстардағы әріптестерімізбен арамызда да тығыз байланыс орныға қойған жоқ. Сондықтан қауымдастық жұмысын ширатып, жандандыра түсуіміз қажет.
Валерия БАТУЕВА, Жамбыл туристік индустриясы қауымдастығының директоры