Қаратаулық қайсар ұл
Қаратаулық қайсар ұл
Нышан Өмірәлиев паратаэквондодан әлем чемпионы атанды
Әлемдік деңгейдегі спорт додаларында жеңімпаздық тұғырдан көріну ешкімге де, ешқашан да оңайға түспегені белгілі. Ерекше талант, еңбекқорлық һәм тынымсыз жаттығу да қажет бұл үшін. Әріптестерінің айтуынша, осынау жетістікке қол жеткізгенге дейін қарапайым ауыл баласы Нышан да өзін-өзі қиындыққа қайрап салып, ұдайы жігерін жанумен болған. Әйтеуір, өзінің ісі, үлгісімен мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ерік-жігері шексіз екендігін дәлелдеуінен бір танған емес. Құрылыста да жұмыс істепті. Жұмыссыз жүрген кездері де болған. Ең бастысы, қайда жүрсе де жасынан серігі еткен спортқа адалдық танытумен келеді екен.Бір кездері Қаратау қаласындағы №26 спорт мектебінде бірге жаттыққан әріптесі Мақсат Тұрсынбай араға біраз жыл салып барып өзінің ұшқан ұясына бапкерлік қызметке келісімен Нышанды іздестіріп тауып, шығыс жекпе-жегі өнерімен шындап айналысуына мүмкіндік жасаған. Оның небір додаларда жай оғындай жарқ-жұрқ етіп көрсеткен өнерін басқа достары да ұмыта қоймапты. Нұржан Есілбай, Алмас Әбдікерімовтер облыста алғаш «Паратаэквондо» федерациясын ашқанда, талантты спортшыны баптауды бірінші кезекте қолға алыпты. Нышан – облыстық мүгедек жастардың «Таэквондо» клубының да мүшесі. Жанашыр достарының көмегімен облыстық спорттағы шеберлік мектебінде жаттығу мүмкіндігіне де қол жеткізіпті. Міне, осы мекемеде бір жыл ғана арнайы жаттығудан өткен Н. Өмірәлиев әлемдік жарыста топ жарып отыр.
Үстіміздегі жылғы 21-22 маусым аралығында Мәскеу қаласында WTB паратаэквондодан өткен V әлем чемпионатында айтарлықтай олжа салған спортшыны бұрнағы күні Тараз қаласына шығыс жақтан кіре берістегі қақпа маңында облыстық спорт және денешынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бастаған жаттықтырушылар мен спортшылар гүл шоқтарымен, айрықша құрметтеп қарсы алды. Жеңімпазды қарсы алушылар қатарында оның әкесі Елубай Өмірәлиев пен анасы Күлтән Бексұлтанова, бауырлары да бар. Бәрі де ерекше толқулы күйде. – Балам, не де болса айды аспанға бір-ақ шығардың! – деді Елекең тебірене сөйлеп. Бар-жоғы 21 жастағы жеңімпаздың екі жаттықтырушысының бірі Нұржан Есімбеттің айтуынша, Н. Өмірәлиевтің аталмыш жарысқа қатысуына республикалық таэквондо федерациясының президенті Вячеслав Кимнің тікелей өзі демеушілік жасапты. Бұл іс өзінің жемісін де берді, Нышан бауырымыз әлемнің 40 мемлекетінен барлығы 121 спортшы қатысқан аламанда атой салды. Ол +75 салмақ дәрежесінде сынға түскен екен. Оның салмағында алты спортшы болыпты. «Бірінші жекпе-жек жеңіл өтті, жартылай финалда әзірбайжан азаматын 8:5, ақтық сында былтыр әлем чемпионы атанған австриялық спортшыны 12:7 ұпайымен ұтты. Сөйтіп, Нышанның осы жеңісінің арқасында жалпыкомандалық есепте қазақстандықтар 7-ші орынға ие болды» дейді оның бапкері Н. Есімбет. Алдағы уақытта спорттың паратаэквондо түрі паралимпиалық олимпиадаға да енгізіледі деп күтілуде. Нұржан бұл додада да еліміздің абыройын қорғап, көк байрағымызды биікте желбірететін болады деп сенеді әріптестері.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Әшірәлі Кенжеғара.