Қыз жасауын құлпыртқан...
Қыз жасауын құлпыртқан...
Луговойлық кәсіпкер Тұрсынкүл Сағынбекова жетекшілік ететін «Арнат» жеке кәсіпорны ұлттық киімдер: көйлек, қамзол, шапан – сондай-ақ қыз жасауын тігумен шұғылданады. Әсіресе оларға Наурыз мерекесі қарсаңында мектептерден, мекемелерден және жеке тұлғалардан тапсырыс көп түседі. Жасы сексеннен асса да сергек, қимыл-қозғалысы ширақ Тұрсынкүл Бірімқұлқызы мен ісмерлер Қалбибі, Аманкүл және Фатима уақытпен санаспай еңбек етіп, оларды уақтылы орындауға күш салады. Ұлттық ою-өрнектермен көмкеріліп, тұтынушылардың талғамына сай тігілген киімдер көздің жауын алады. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бағасы қолжетімді бұйымдарды алғанда тапсырыс берушілер оларға алғыстарын жаудырады. Жұрттың рахметі ісмерлерді жаңа жетістіктерге жігерлендіруде. Тұрсынкүл Сағынбекова Алматыдағы шет тілдері институтын тәмамдаған соң Луговой ауылындағы мектепте 33 жыл сабақ берді. Еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастап, оқу ісінің меңгерушісі және директор болды. Бірнеше рет жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ол жастайынан қолөнерге бейім еді. Кесте тігіп, шілтер тоқуды жеті жасында үйренген болатын. Есейгенде де қолы босағанда іс тігуді ермек етті. 1994 жылы зейнетке шыққан соң «Арнат» атты жеке кәсіпорын ашып, ұлттық киімдер мен қыз жасауын тігу үшін оған қолөнерге бейімі бар қыздарды тартты. Шағын ұжым мүшелері үздіксіз ізденеді, шеберліктерін шыңдап отырады. Соның нәтижесінде олар кез келген тапсырысты қабылдап, келушілердің көңілінен шығып жүр. «Арнаттың» шеберлері құрақ көрпенің алуан түрлерін тігеді. Олардың қолынан шыққан бишілердің көйлектері де жайнап, құлпырып шыға келеді. Қыз жасауына Алматы және Астана қалаларынан да тапсырыстар түсіп тұрады. Тұрсынкүл Бірімқұлқызы облыс орталығы Тараз қаласында өткізілетін қолөнер бұйымдарының көрмелеріне жиі қатысады. Көрме-байқауларда соңғы екі жылда жүлделі орындарды иеленген. Жергілікті бюджетке тиісті салығын уақтылы төлеп тұрады. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан немере, шөбере көріп отырған Тұрсынкүл апайдың кейде өлең жазатыны бар. Өлеңдері тілінің шұрайлылығымен және сыршылдығымен ерекшеленеді.
Ақылжан МАМЫТ
Т. Рысқұлов ауданы