Тастаяқ шеберлері сынға түсті
Тастаяқ шеберлері сынға түсті
Ардагер қаламгер Баттал Жаңабаев атындағы дода жоғары деңгейде өтті
Белгілі қаламгер, облыстың Құрметті азаматы, байырғы «Еңбек туы» – қазіргі «Aq jol» газетін 20 жыл басқарған, журналистердің абызы Баттал Жаңабаев атындағы бильярдтан турнир өтті. Талас ауданы әкімдігінің демеушілігімен «Jambyl» телеарнасы, облыстық «Aq jol», «Знамя труда» газеттері бірлесе ұйымдастырған тастаяқшылар бәсекесіне республикалық, облыстық, аудандық басылымдар мен телеарналардың тілшілері белсенді қатысып, бәсеке көрігін қыздырды. Журналистер аламанына Талас ауданы әкімдігі демеушілік көрсетті. Отыздан астам тілші қатысқан тастаяқ додасының ашылу салтанатында ардагер журналист Баттал Жаңабаев сөз алып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Турнирдің символикалық соққысын жасады. Әрмен қарай жеребе тарту рәсімі өтіп, олимпиадалық жүйе бойынша қарсыластар жұпталды. «Халил» бильярд клубына жиналған журналистер қауымы бұл күні тартысты ойын үлгісін көрсетіп, жеңісті қолдан оңай сусытып қоймайтынын аңғартты. Тастаяқтың америкалық түрімен бастау алған жарыста мықтылар жеңіске жетіп, сәтсіз ойын өрнегін көрсеткендер жарыс жолынан шығып қалып жатты. Дода барысында фаворит саналған облыстық «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұл және өзге бірқатар шеберлігі шыңдалған ойыншылар өздерінің оңай шағылатын жаңғақ еместіктерін байқатты. Ширек финалда «Жамбыл спорт» газетінің қызметкері Самат Сатылғанов пен Бекет Момынқұл арасындағы ойын тартысқа толы болды. Екі кезең қорытындысында 1:1 есебімен тең түскен қарсыластар үшінші партияны ойнады. Онда Бекет Момынқұл шын шебер екенін әйгілеп, қарсыласынан басым түсті. Бұдан соң ол жартылай финалда «Арай» жастар газетінің бөлім редакторы Саятхан Сатылғановты жарыс жолынан ығыстырып, ақтық сынға шықты. Екінші жартылай финалда «Jambyl» телеарнасының қызметкері Сәбит Жанбаев пен «24 kz» телеарнасының редакторы Берік Жакулаев кездесті. Талай жарыстарда әдемі ойын өрнегімен көзге түсіп, жеңімпаз-жүлдегер атанып жүрген Берік қарсыласынан айласын асырды. Үшінші орын үшін өткен ойында Саятхан Сатылғанов Сәбит Жанбаевты ұтып, жүлдегер атанса, ақтық бәсекеде бильярдтың «Мәскеу» түрі бойынша бақ сынаған Бекет Момынқұл Берік Жакулаевты жеңіп, бірінші орынды қанжығасына байлады. Турнир соңында сөз сөйлеген Талас ауданы әкімінің орынбасары Кәдірбек Садубаев бұл жарысты дәстүрлі түрде өткізіп тұру қажеттігін айтып, Баттал Жаңабаевтай журналистика сардары атындағы доданың тартысқа толы болғанын жеткізді. Жарыс қорытындысында облыстық «Aq jol» газеті «Индустрия және инновация» бөлімінің редакторы Баймаханбет Ахмет ынталандыру сыйлығына ие болды. Ал турнир жеңімпазы Бекет Момынқұл, екінші орын иегері Берік Жакулаев, үшінші орын иегері Саятхан Сатылғанов Талас ауданының әкімдігі тағайындаған бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ